ДИКТОР: Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында 1500 оқушыға шақталған жаңа жайлы мектеп ашылды. Ұлттық жоба аясында салынған білім ошағы шәкірттерді үшінші тоқсаннан бастап қабылдайды. Мектептің дайындығын облыс әкімі Марат Ахметжанов тексеріп қайтты.

РКС: Жаңа мектептке 400-дей оқушы қабылданған. Ата-аналар балалары заманауи мектепте білім алады деп қуанып жатыр.

СНХ: ГҮЛЖАН ЖАҚЫПОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің балам үшінші сыныпта оқиды. Біз ІТ-лицейден ауысып келмекшіміз. Бұл білім ошағы Президенттің «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынғанын естідік. Жаңа мектепке зор үміт артып отырмыз. Білім деңгейі атына сай болады деп сенемін.

РКС: Мектепте балалардың қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Нысанның іші мен сыртын жағалай 200-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның барлығы жедел басқару орталығына қосылған. Яғни оқушылар полиция қызметкерлерінің бақылауында. Барлық оқу кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

СНХ: ӘЛІБЕК ҚАЙРОЛЛА, «INTEGRA CONSTRUCTION KZ» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бастауыш және жоғары сынып оқушыларының мектепке кіруі үшін бөлек дәліз қарастырылған. 4 спортзал бар. Кіші топ оқитын ғимарат пен жоғары сыныптарға арналған бөлмелер бір-біріне еш кедергі келтірмейді. Мектепте робототехника бөлмесі, STEAM-зертхана бар. Сонымен қатар әр кабинетте заманауи интерактивті тақта орнатылған. Заман талабына сай жабдықталған асхана да бар.

РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов ұстаз қауымы заман ағымынан қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оқушыларды білім нәрімен сусындату үшін, өздері де оқыту бағдарламасы мен заманауи әдістерді зерделеп, сабақта қолданулары керек. Сонымен бірге жасанды интеллекті де пайдаланған жөн,-деп атап өтті облыс әкімі.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Дәл қазіргі тұста мұғалім оқушы үшін үлгі болуы тиіс. Мінез-құлқы, тәрбиесі жағынан алғанда да шәкірт үшін ұстаз ұлы тұлғаға айналуы шарт. Білімдеріңізді арттырып отырғандарыңыз абзал. Жаңа бағдарламалар, әдіс-тәсілдер өте көп. Соны оқушының бойына сіңіре білу де өнер.

РКС: Оқушылар мектепке дейін 6-шы және 10-шы автобустар арқылы жете алады. Тұтастай алғанда болашақта шағын аудан қала тұрғындарының игілігі үшін дами түспек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ