ДИКТОР:Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Өңірде жұмысшы мамандығының көрігін қыздырып, талмай еңбек етіп жатқан азаматтардың қатары көп. Бүгінде «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде 500-ге жуық жұмысшы шаһарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Солардың бірі-слесарь мамандығының иесі Базарбай Болтабаев. Бірегей мамандық иесінің жұмысымен тілшіміз Жанар Мұқышева танысып қайтты.

РКС:Базарбай Болтабаев 5-ші разрядты слесарь-аспапшы. Таңнан кешке дейін қазандықтардың үздіксіз жұмысын қадағалайды. Кәсіпорындағы еңбек өтілі 18 жыл. Жылу қазандықтары істен шығып қалса, бірден оны қалыпқа келтіру Базарбай Болтаев сынды бесаспаптың мойнында. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, еңбектен ешқашан қашқан емес. Елімізде қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағаланып жатқанына қуанышты. Алдағы уақытта жалақы мөлшері өссе дейді. Әсіресе жастар арасында жұмысшы мамандықтарды таңдауға зор сеп болар еді деген тілегін де жасырмады.

СНХ:БОЛТАБАЕВ БАЗАРБАЙ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ 5-ШІ РАЗРЯДТЫ СЛЕСАРЬ-АСПАПШЫСЫ: Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны қуантады. Жастар осындай мамандықты таңдаудан қорықпауы керек. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Бір-біріне қолдау білдіруден жалықпайды. Жастарға әрдайым көмектесіп отырамыз. Жалақы аз болған соң, шыны керек, жастар келгісі келмейді. Сол себепті кадр тапшылығы да бар. Сондықтан жалақы өссе, жақсы болар еді.

РКС: 18 жыл үзбестен жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан Базарбай Болтабаев өз ортасына сыйлы, соңынан ерген жастарға үлгі. Әр ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды - дейді әріптестері.

СНХ:АЛЕКСАНДР КРАВЧЕНКО, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІ ҚАЗАНДЫҚ ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Біздің цех мекеменің жедел әрекет ететін бөлімі. Бұл кәсіпорында жұмыс істеп жатқан әр жұмысшынің еңбегі зор. Төтенше жағдайды болдырмауға бар күш-жігерін сарқа жұмсайды. Қазандық жадбықтарын уақытында тексеріп, ақауларды дер кезінде қалыпқа келтіру керек. Міне осындай істің басы-қасында Базарбай Болтабаев жүреді. Жұмысына адал, жауапкершілігі мол азамат. Кейде күн-түн демей, жұмысқа келіп, қазандықтағы жөндеу жұмыстарына белсене кірісіп кетеді. Бір-бірімізге барынша қолдау көрсетеміз. Осы 18 жыл ішінде ешқашан еңбектен қашқан емес. Мұндағы әр жұмысшы үлкен жауапкершілікті сезінеді, оны түсінеміз. Себебі біз бүкіл қаланы жылумен қамтып отырмыз, ол үшін үздіксіз еңбек ету қажет.

РКС:Әдетте назарға ілікпейтін, бірақ тұрмыс-тіршілікте маңызды орын алатын қарапайым еңбек адамының жұмысы қашан да бағалы. «Іскер азамат-ел тірегі». Сондықтан жұмысшы мамандар қоғамды құру жолындағы қозғаушы күшке ие.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ