ДИКТОР: Көкшетауда жедел жәрдем станциясының көліктеріне пилоттық жоба ретінде «Sergek Patrol» жүйесі орнатылды. Ол жолдардағы құқық бұзушылықтарды тіркейді. Аталған жоба мемлекет басшысының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылады.
РКС: «Sergek Patrol» мобильді аппаратты-бағдарламалық кешені жасанды интеллектпен жарақтандырылған. Келеңсіздіктерді автоматты түрде жазып алатын алдыңғы камералары мен радарлары да орнатылған. Жылдамдықты асыру, жол белгілері ережелерін сақтамау және көлікті белгіленбеген жерге қою сияқты келеңсіздіктерді анықтайды. Бұдан бөлек, кешен 360 градустан айналаны ұдайы бақылай алады. Ол әсіресе түнгі уақытта, қолайсыз ауа райында, тіпті байланыс жоқ кезде де келеңсіздіктерді жазып ала алады.
СНХ: НҰРБОЛ ӨТЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жоба жедел жәрдем көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен келеңсіздіктерді тіркейді. Сонымен бірге жолда өзге көлік жүргізушілерінің арнайы көліктің дабылына назар аудармағанын да жазып алатынымен ерекшеленеді.
РКС: «Sergek Patrol» жүйесін енгізу жедел медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл жүйе облыс орталығындағы медициналық бригаданың жеделдігін, тиімділігін және қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
СНХ: БАТЫРБЕК ДАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК СТАНЦИЯСЫНЫҢ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: Көлігімізге «Sergek» орнатты. Енді қала көшелерінде жүргізушілер бізге жол беріп отырады. Шақыртуларға шыққанда, әсіресе аулаларда әлдебір шиеленісті жағдай туындап қалса, жолдарда заңсыздықтарға жол берілсе, бәрі автоматты түрде жазылады. Аталған жүйе жедел жәрдемге оң әсер етеді.
РКС: Мамандар жаңа технологияны енгізу арқылы көлік жүргізушілерінің тәртібін жолға қоюға болатынын айтуда. Сонымен бірге жолдарда апатты жағдайлар санын азайтуға да мүмкіндік бермек. Мұның бәрі жедел жәрдем бригадасының қауіпсіздігіне қатысты жағдайды жақсартуға да септігін тизеді.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ