ДИКТОР: Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, публицист Сәкен Жүнісов парасатты, өнердің әр саласында өзін танытқан тұлға. Асқан таланты үшін қазақ зиялылары оны Сәкен сері деп атап кеткен. Карикатуралар салған, домбыра, пианино, мандолин аспаптарында ойнап, ән айтқан. Биыл Сәкен Сері Жүнісовтың туғанына 90 жыл. Осыған орай бүгін облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Серілердің соңғысы» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция өтті.

РКС: Қазақ мәдениеті мен әдебиеті ешқашан өзінің биігінен түскен емес. Сол биігінің шарықтау шегі бүгінгі шара екені сөзсіз. Сұлу сөздің сүлейі Сәкен Жүнісовтың 90 жылдығына орай «Серілердің соңғысы» атты ғылыми-практикалық конференцияның басты тақырыбы жазушының қаламгерлік жолы мен өмір жолындағы халық үшін жасалған игі бастамаларына арналды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова конференцияға қатысып, Сәкен серінің шығармашылығына тоқталды. Конференциядан соң Сәкен Жүнісов атындағы мәжіліс залы және белгілі жазушы Төлеген Қажыбайдың атындағы музей-кабинеті ашылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Аталған шараға қоғамның дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерімен қатар үзеңгілестері де қатысты. Көзі тірі болғанда бүгін Төлеген Қажыбай 82-ге келер еді.

СНХ: ҚУАНЫШ ОСПАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Көкшетаудың біртуар перзенті абыз ақсақалымыз болған дарынды жазушы, ақын Төлеген Қажыбай ағамыздың жұмыс кабинетін, яғни музей кабинетін деп айтсақ та болады, сол кабинетті ашып отырған жайымыз бар. Сонымен қатар бүгін Сәкен сері Жүнісов ағамыздың атында мәжіліс залын ашып отырмыз. Биыл Сәкен Жүнісовтың 90 жылдығы. Біздің мақтанышымыз қазақтың халық жазушысы Сәкен мен Төкең, Мағжан ағаларының екі қолтығында екеуі тұрса әбден жараспай ма деген ойыменен, сондай мақсатпенен жасалған дүние. Сондықтан, бүгін Мағжанның, Сәкеннің және Төлегеннің аты асқақтаған күн деп ойлаймыз.

РКС: Мағжан ақынды жырға қосқан Төлеген Қажыбайдың бұл кітапханада асыл мұрасы жиналған кабинетінің болуы – заңдылық. Себебі, Төлеген Қажыбай Көкшенің мәдиниеті мен әдебиетін биікке көтерген тұлға. Оның Оқжетпестей тікшіл мінезін, алмас қылыштай өткір тілін Көкше жұртшылығы өте жақсы біледі.

СНХ: АЯН ҚАЖЫБАЙ, Т.ҚАЖЫБАЙДЫҢ ҰЛЫ: Мінеки, бұл Төкеңнің өскелең ұрпаққа болсын, аға буынға болсын, жалпы руханиятқа ізденімпаз,кез-келген жаңағы көкірегі ояу, көзі қарақты оқырманның көзайымына айналады деген сенімдеміз. Төкеңнің бұл жерде өзінің, көзайымына айналған өзінің жәдігерлері, жаңағы қолжазбалары кітаптарынан бастап тырнақ алды туындысынан бастап, қолын қойған соңғы «Құлаш-құлаш» романындарына дейін бәрі тізіліп тұр. Сондықтан кез-келген руханиятқа ынтызар, кез-келген оқырман өзінің қайнар бұлағына айналдырып, осы жерде сусындап, Төкеңнің мұрасымен сусынданады деген үлкен ойдамыз, сенімдеміз. Бұл іс-шара шыныменде тарихи оқиғаға айналып отыр. Сондықтан да өзінің заңды жалғасын табады деген сенімдеміз.

СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, «ЕЛ БІРЛІГІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Көкшетаудың руханиятындағы үлкен бір ерекше оқиға деп есептеу керек. Өйткені қазақтың діні, тілі барлығы осы кітапхананың ауқымында үлкен жас ұрпаққа тәлім тәрбиенің өзегі сияқты арнасы сияқты етіп келеді. Өйткені барлығымыз кешегі күндері жас кезімізде осы кітапхананың оқу залында отырып, кітаптар ақтарып, қаншама мағлұматтар алдық, бүгінде қаншама осы кітапхананың құдіреті адамға рухани азық беретін үлкен қасиетті орын.

РКС: Сәкен сері саналы ғұмырын жазушылыққа арнап, қазақ әдебиетінің өркендеп дамуына үлес қосқан тұлға. Ол замандастары мен қаламдастарынан ауқымды шығармаларымен, мол білімімен бір саты жоғары екенін бәрі де мойындайды. Кітапхана қашан да кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір іспеттес. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан бітіретін оқырман мен тыңдарман екені анық.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ