ДИКТОР: Қорғалжын ауданына қарасты Жантеке ауылының «Жалғас» шаруа қожалығы ірі қара мал өсіріп, ет өнімдерін сатумен айналысады. Бүгінде шаруашылықта 400 ірі қара мал өсірілетін екі база бар.

РКС: «Жалғас» шаруа қожалығы 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Шаруашылықтың арнайы жабдықталған базаларында қазақтың ақбас, ангус, әулиекөл, симменталь сияқты түрлі асыл тұқымды ірі қара мал өсіріледі. Мұндағы жұмыс күні таңғы 8-ден басталады. Алдымен жануарларға аралас жем мен шөп беріледі. Түскі уақытта суару процесі жүреді. Сатылымға арналған ет алу үшін бұқалар шамамен 7-8 ай бордақыланады.

СНХ: ҚАЙРАТ УӘЛИЕВ, «ЖАЛҒАС» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Ірі қара малды күніне бір рет суарамыз. Сондай-ақ жем қоспаларын дайындаймыз. Кешкі сағат 7-8 кезінде көң жиналады. Кейін сағат кешкі 8-де құрама жеммен азықтандырып,бұдан кейін жем-шөппен қоректендіреміз. Негізінен осы.

РКС: Шаруа қожалығында 200 гектар егістік алқабы бар. Жиналған өнім арнайы қоймада сақтаулы. Астық таза күйінде, сондай-ақ күнбағыс қоспасымен араластырылып, азық ретінде қолданылады. Бұқаларға сондай-ақ кебек беріледі. Шаруа қожалығының жемшөп базасында оралған 11 мың шөп түйнегі бар. 400 тоннаға жуық арпа да сақталған.

СНХ: ОЛЖАС УӘЛИЕВ, «ЖАЛҒАС» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтуді көздеп отырмыз. Қасапхана салу керек. Кеше әкімшіліктен мамандар келіп, бұл тақырып талқыланды. Алдағы уақытта қасапхана, мал сою цехын салуды жоспарлам отырмыз. 200 бас ірі қараға арналған база салмақ ойымыз бар.

РКС: Шаруа қожалығының иелері әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмайды. Олар Қарашалғын ауылдық округінің тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетумен қатар, Қарттар күні, Наурыз мерекесі және өзге де шараларға ат салысуда.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ