Жүргізуші: Ақмола облысы әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және мәслихат депутаттарының мақұлдауымен, Атбасар ауданының әкімі болып Кенеш Әлімжанов тағайындалды.

КСМ: Кенеш Әлімжанов 1978 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Көп жылдар мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. 2023 жылдан бастап Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасын басқарды. Жаңа әкімді аудан активіне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов таныстырды. Ол аудан әкімдігіне жүктелген негізгі міндеттерді атап өтті. Басты міндеттердің бірі – сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік нысандарды салу бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтау. Сонымен қатар, аудан әкімдігі жылыту маусымын сәтті әрі үздіксіз өткізуі қажет. Бұдан бөлек, Атбасар ауданы әкімдігіне кәсіпкерлікті дамыту резервтерін толық пайдалану, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді қолдану, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жандандыру сынды тапсырмалар берілді.