ДИКТОР: Көкшетауда «Туберкулезбен күрес жолындағы үкіметтік емес ұйым қызметінің тұрақтылығын арттыру» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында туберкулезді тоқтату және жою жолындағы мақсатқа жету бағыттары талқыланды.

РКС: Туберкулез – қоздырушысы бактериялы жұқпалы ауру. Басым бөлігінде өкпені зақымдайды. Ауру сау адамға ауа арқылы жұғады. Өкпе туберкулезімен ауратын адам жөтелу, түшкіру, сөйлеу және қақыру кезінде ауаға туберкулез бактерияларын бөліп, онымен дені сау адам тыныстап, ағзасы инфекцияға шалдығады. Мамандардың айтуынша, 1 науқас 10-15 адамды жұқтырады. Өңірде жыл басынан бері туберкулездің 211 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 процентке төмен.

СНХ: ТАМИЛА ШАЯХМЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ФТИЗИАТРЫ: Ауруға шалдыққандардың 50% халықтың әлеуметтік осал топтары. Қайта ауырғандар саны-74 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,2 %-ке төмен. Өкінішке қарай, құрт ауруын жұқтырғандардың қатарында балалар да бар. Облыс бойынша 14 бала туберкулез ауруына шалдықты. Барлық науқастар қазір ем қабылдап жатыр. Одан бөлек алаңдататын тағы бір мәселе, емханаға тіркелмеген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар бар. Осындай санаттағы азаматтарға үкіметтік емес ұйым көмектеседі.

РКС: Үкіметтік емес ұйымдардың туберкулездің алдын алу, сондай-ақ халықтың осал топтары арасында ақпарат тарату жағынан қосар үлесі зор. 2016 жылы негізі қаланған «Игілік» қоғамдық қоры осы уақытқа дейін дертке шалдыққан, емнен бас тартқан мыңдаған науқасты тауып, дәрігерге қаралуына мұрындық болды.

СНХ:АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, «ИГІЛІК» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл, ең алдымен, тұрғылықты мекен-жайы жоқ, нашақор мен ішімдікке бейім азаматтар, босқындар, бұрынғы тұтқындар мен мигранттар. Мұндай азаматтар айналасындағы адамдарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Үкіметтік емес ұйым - мемлекеттік құрылымдар мен халық арасындағы көпір. Осы ретте біздің ұйым туберкулез ауруының алдын-алуға, дертпен күресу мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Қазір қоғамдық қорды мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлетін жергілікті атқарушы орган қолдайды. Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымының бірлескен жиынында туберкулез ауруына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

РКС: Мамандар өз кезегінде, жыл сайын қажетті скрининг, флюрография, барлық диагностикалық тексерісті уақытылы өту керектігін еске салады. Дер кезiнде анықталған туберкулезден тез айығып кетуге болады. Сондай-ақ туберкулездің емі ақысыз жүр¬гіз¬і¬ле¬ді. Бастысы, туберкулез – жазыла¬тын ауру.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ