ДИКТОР: Президент Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізеді. Жиын барысында тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағыттары туралы хабардар етіледі. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бірден-бір жолы. Мәселелерді шешудің жолдары сараланып, мерзімі белгіленеді.

РКС: Тұрғындар алдында алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Алтын Оспанова есеп берді. Шаһарда мектеп жасындағы 12 мыңнан аса оқушы бар. Олар 50-ге тарта білім беру мекемесінде оқып жатыр. Биыл 400 түлек мектеппен қоштасты. Олардың жартысына жуығы грантқа түсті. 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 31 түлек үздік аттестат алды. Жаңа басшы ретінде қызметіне енді кіріскен әкім қалалық әкімшіліктің аумағына кіретін бірнеше елдімекенде тұрғындармен кездесті.

СНХ: ГАЙДАР ҚАСЕНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өздеріңіз білесіз, жыл сайын, есеп беріп отыр әкім. Сондықтан өткен аптада біз Шаңтөбе ауылында есеп бердік. Бүгін түске дейін колледжде, қазір біз алтыншы мектепке келдік. Әртүрлі сұрақтар халық қойып отыр. Ол абаттандыру, жарық және жылу туралы. Сондықтан осы бәрі сұрақтарға жауап беріп отырмыз халыққа.

РКС: Жылу беру маусымына дайындық мәселесі Степногорск үшін қашан да өзекті. Биыл бұл жұмысты ойдағыдай өткізу үшін шамамен 11 миллиард теңге бөлінді. Тәуекелдерді азайту үшін жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаланы сумен жабдықтаудың үш жылдық жобасы іске асырылуда.

СНХ: ТАЛҒАТ МАҚШАНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қалалық бюджеттен 1 миллиард теңге, ал облыстық бюджеттен 1 миллиард 162 миллион теңге бөлінді. Мердігер ұйым "Мелиоратор" серіктестігі. Жоба құны 9,2 миллиард теңге. Бүгінде 9,1 шақырым құбыр тартылды. Сондай-ақ, Шантөбе кентіндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға келісім-шарт жасалды. Жоба құны 1,6 миллиард теңге. Оның аясында 56,5 шақырым құбыр монтаждалады. Бұл жұмыстар келер жылы аяқталады.

РКС: Кездесу соңында тұрғындар білім беру, жолдарды жөндеу мәселелеріне қатысты толғандырған сауалдарын қойды. Естеріңізге сала кетейік, мұндай кездесулер онлайн режимінде таратылады. Бұл ретте әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарда пікір жазу, ал қажет болған жағдайда бейнеконференциялық байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.