ДИКТОР: Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітабының таныстырылымы өтті. Туынды авторларының бірі-Санжар Керімбай Көкшетауға арнайы келіп, оқырмандармен кездесті.

РКС: Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегі Қаныш Сәтбаевтың ғылым саласындағы адал қызметі мен ғылым жолындағы күресі мен жетістіктерін тереңінен талдаған. Қазақ жерінде минералдың бар екеніне 430-дан астам ғалымның көзін жеткізген орасан ғылыми майдан жолынан дәйектер келтіреді. 60 жыл көлемінде Қаныш туралы айтылмаған тұлғалы тарихи-ғылыми жәдігер жарыққа шықты. Шара аясында бұған дейін аз тираждалып, қайта басып шығаруға рұқсат етілмеген «Бала Қаныш оқыған кітаптар», «Қаныштың жастық шағы», «Жас Қаныш», «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптары да таныстырылды.

СНХ: САНЖАР КЕРІМБАЙ, «ҚАНЫШ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МАЙДАН» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ: «Отбасы хрестоматиясы» жыл сайын тұлғаларды тану сериясы бойынша, жылда бір кітап сыйлап отырады. Мұның алдында «Бейсен және болмыс» және «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітаптары жарық көрген болатын. Міне 14-қыркүйек күні «Қаныш және ғылыми майдан» деген кітабы жарыққа шықты. Енді сол өзіміздің баспа үйінің жылдағы дәстүрі бойынша, бүкіл Қазақстанды аралап, шарлап өзіміздің оқырмандармен жүзбе-жүз кездесіп, кітапты презентация жасап, ішкі мазмұнымен бір рет таныстырып өтеміз.

СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Шын мәнісінде, қанша танымал тұлғаларды таныдық десек те, толық білдік деп айтуға болмайды. Өйткені, ол кездегі цензурасы бар, басқа жағдайлары бар көзқарас қиын болды да,көп біздің тұлғалар туралы айтылмай қалды, жасырын қалды. Өз дәрежесінде жеткілікті айтылмады. Сол тұрғыдан алғанда Санжар Керімбайдың атқарып жатқан шаруасы өте зор.Ол бұрынғы шыққан әдеби шығармаларды, ғылыми шығармаларды зерттей келе сонда айтылмай қалған нәрселерді бүгінгі оқырманға жеткізіп жүр.

РКС: Айта кетейік, бұл кітап қазір 10 мың данамен жарық көріп отыр. Санжар Керімбайдың аталмыш еңбегі жас буынды ғылыммен айналысуға, Қаныш Сәтпаев сынды тұлғалардан үлгі ала отырып, өз елінің болашағына үлес қосуға шақырады. Бұл аспектілер студенттердің ғылыми көзқарасын кеңейтуге септігін тигізбек. Алдағы уақытта ғылым мен білімді дамытуға ынталандырады. Шара соңында студент жастар кітап авторымен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алып тарқасты.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.