ДИКТОР: «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған әйелдер қанатының отырысы өтті. Кездесу барысында қатысушылар «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі бастамаларды талқылады. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, әйелдер мен балалар үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету туралы айтылды. Сондай-ақ инклюзивті қоғам дамытуға жағдай жасау мәселелеріне басты назар аударылды.

РКС: Әйелдер қанатының кезекті отырысында инклюзивті қоғам қалыптастыру, әлеуметтік институттарды нығайту мәселелері қызу талқыланды. Әйелдердің репродуктивті денсаулығы мен отбасы құндылықтарына қатысты мәселелер де өте маңызды.

СНХ:ЖҰЛДЫЗ ӘЛПІЛАМ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОТБАСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАНЫ: Репродуктивті денсаулық – бұл әйелдің тек қана соматикалық немесе физикалық денінің саулығы емес, психологиялық, сонымен қатар әлеуметтік әл-ауқатының түгел жақсы күйде болуы. Репродуктивті денсаулық баланы өмірге алып келуге, жүкті жүргенде ананың денсаулығының дұрыс болуына, толыққанды өз уақытына жеткен, дені сау баланы өмірге алып келуге қабілеттілік деп білемін. Сондықтан біздің аналарымыз жасөспірім қыздарымызға репродуктивті денсаулықты сақтау және оны нығайту бүгінгі таңда өте қажет.

РКС: Сондай-ақ отырысқа қатысқан Отбасы Банкінің өкілі Данияр Сауытов қаржы институты тарапынан көрсетілетін қолдауларға тоқталды. Халықтың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын ұсынды.

СНХ:ДАНИЯР САУЫТОВ, ОТБАСЫ БАНКІНІҢ ӨКІЛІ: Келер жылы бізде әйелдер ипотекасы - «Ұмай» бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 процент. Ал пайыздық мөлшерлемеге қатысты әлі нақты ақпарат жоқ. Жылдың соңына қарай белгілі болады. Сондай-ақ, қазір «Отау», «Наурыз» сияқты бағдарламалар да бар. Мұнда кезекте тұрған салымшылар үшін жылдық проценттік мөлшерлеме 7, ал қалған азаматтар үшін 9 процентке тең.

РКС: Отырыс мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін әлеуметтік қолдауды нығайтуға бағытталған пікір алмасу алаңына айналды. Жиын соңында қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету үшін психологиялық қызмет институтына жәрдемдесу қажет деген қорытындыға келді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ