ДИКТОР: Степногорск қаласында бас бостандығынан айыру орындарынан босаған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұрын сотты болғандарға жаңа өмір бастауға көмектеседі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бұл жұмыс жылдың басынан бері жүргізіліп келеді. Қазір Степногорск қаласындағы пробация қызметінде 160-қа жуық есептегі және 40-қа жуық бостандыққа шыққан адам бар. Оларға "Жаңа Самғау" қоғамдық қоры қызмет түрін ұсынады. Бұрын сотты болғандарға әлеуметтік және медицина қызметкері, заңгер, психолог сияқты бірқатар маман қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері 60 адам олардың қызметіне жүгінді. Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға көмек ретінде жабдықталған арнайы бөлмеге орналастырылады.

СНХ: ДИНА ҚҰПБЕРГЕНОВА, «ЖАҢА САМҒАУ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл санаттағылар үшін заңдық тұрғыдан қолдау көрсету үлкен мәселеге айналғаны сөзсіз. Өйткені, темір тордың ар жағында жазасын өтеу кезінде оларға материалдық, қаржылық талап арыздар болады. Олар оны төлеген. Бірақ жазасын өтеп шыққан кезде өтелгеніне қарамастан мүлкіне, жалақы карталарына шектеу қойылған болып шығып жататын сәттер де кездеседі. Яғни, біздің заңгер осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Жұмысқа орналасу мәселесіне келсек, онда да біз жан-жақты қолдау көрсетеміз. Мансап орталығына жетелеп алып апарамыз.