ДИКТОР: Солтүстік өңір үшін жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу осы салаға жауапты мамандар үшін аса маңызды. Көктемнен бері барлық қазандық жөнделіп, қазір жылу қалыпты режимде беріліп жатыр.

РКС: Жылу беру маусымын өткізуге қазынадан 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 23 миллиардтайы жөндеу науқанына бағытталса, 6,7 миллиард теңгесі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ.

СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл қаржы жылу желілерін, қазандық жабдықтарын салу мен қайта жаңғыртуды жүзеге асыруға бағытталады. Мазут пен көмір сатып алуға 10,6 миллиард теңге бөлінді. Қазір облыс бойынша 1142 қазандық, 786 білім беру нысаны, 567 денсаулық сақтау нысаны, 2642 тұрғын үй дайындалып, 35,2 шақырым жылу желілері жөнделді.

РКС: Облыс бойынша тозығы жеткен жылумен жабдықтау жүйелеріне ерекше басымдық беріліп отыр. Көкшетау, Степногорск, Щучинск және Атбасар қалаларында ахуал алаңдатарлық. Көкшетау қаласы бойынша Үкімет резервінен қазандықтарды жөндеуге 3,7 миллиард теңге бөлінді.

СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазақстан темір жолы деректеріне сәйкес облысқа 659 мың тонна көмір жеткізілді. Қатты отын сақтайтын тұйықтарда 82,8 мың тоннадан астам көмір бар. Көмірдің бір тоннасының орташа бағасы 17750 теңге. Қажеттілік жоспарына сәйкес көмір операторларынан келіп түскен өтінімдерге қарай көмір разрездерін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, облыста жылу энергетикасы саласында білікті кадрлардың тапшылығы бар.

РКС: Айта кетейік, келер жылға республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге 11 жоба мәлімденді. 4 жобаны іске асыруға алдын ала 8,7 миллиард теңге қолдау көрсетілді. 3 шақырымға жуық желі салу жоспарлануда.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.