ДИКТОР: Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Новопэк» компаниясы бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шара барысында студенттер кәсіпорын жұмысымен танысып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алды.

РКС: Шараға Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті мен «Арна» жоғары колледжінің 4-курс студенттері қатысты. Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыс беруші мекеме мен жас мамандардың арасында байланыс орнату.

СНХ: МАҚПАЛ ЖАНАРЫСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жастар ресурстық орталығы «Новопэк» зауытымен бірлесе отырып, экскурсия түрінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Аталмыш шараға техникалық және инженерлік мамандық бойынша 30 студент қатысты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомар Тоқаев «2025 жылды- жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сондықтан жастар ресурстық орталығы жұмысшы мамандықтарына қатысты осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Жастар кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, бос орындар туралы толық ақпарат алды.

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Компания негізгі 4 бағыт бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Мұнда тігінші, тоқымашы, техника және технология мамандығын игерген мамандар қажет. Бұл өз кезегінде жастар үшін жақсы таптырмас мүмкіндік болып табылады.

СНХ: МӨЛДІР ҚАЙРУЛИНА, ЗАУЫТТЫҢ ӨНЕРКӘСІП ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Қазір бізде 100-ден аса бос жұмыс орны бар. Бүгін экскурсия барысында студенттерді кәсіпорынның негізгі бағыттарымен таныстырдық. Сондай-ақ, жұмысқа қабылдар кезде үш ай уақыт жаңа қызметкерлерді бейімдеу және оқыту жүйесі қарастырылған. Осы уақыт аралығында 180 мыңға дейін шәкіртақы төленеді, сондай-ақ тігін және тоқу өнідірісін меңгереді.

РКС: Айта кетейік, «Новопэк» компаниясы 2003 жылы құрылған. 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын - полимерлік қаптардың нарығында көшбасшы. Аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын кешен мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ