ДИКТОР: 2025 жылдың 1-інші қаңтарында жалпыға бірдей декларацияның төртінші кезеңі басталады. Бұған дейін үш кезең бойынша жалпыға бірдей декларацияны мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер тапсырған. Ал төртінші кезеңге кімдер кіреді, сюжеттен көріңіз.
РКС: 2021 жылдың 1- қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларация енгізілді. Бұл «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» реформасының 42-ші қадамында бекітілген. Бастапқы бірінші кезеңде мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары декларациясын тапсырды. 2023-ші жылы декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырса, 2024-ші жылдың үшінші кезеңінде жалпыға бірдей декларацияны тапсыруға заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер міндеттелді.
СНХ:БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Төртінше кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардаң бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қалған облыс тұргындары тапсырады. Бұл санаттағылардың саны 350 мыңға асатын жеке тұлға болады.
РКС: Декларация жүйесінің бастапқы кезеңінде азаматтар 250-ші нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Яғни мұнда Қазақстаннан тыс жерде тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік, шетелдік активтері көрсетіледі. Ал кейінгі жылдары кәсіпкер 270-ші нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырады. Онда бір жыл ішінде тапқан табыстарын көрсетіп отыруы қажет. Декларация салық төлеушінің жеке кабинеті, электрондық үкімет порталы, сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн тапсыруға болады.
СНХ:БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты - әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру; сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
РКС:Айта кетейік, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру 2025-ші жылдың қыркүйектің 15-не дейін жүргізіледі. Декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса немесе барлық деректі толық ұсынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет қайталанса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер кәсіпкер салық салу объектілерін жасырса, онда ол салық құнының 200 проценттік мөлшерінде, қайталанған жағдайда 300 проценттік мөлшерінде айыппұл төлейді, сонымен қатар салықтың өзін де төлеуге міндеттеледі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ