ДИКТОР: Биыл облыста 200-ден аса жобаның құрылысы жүргізілуде. Жауапты басқарманың жалпы бюджеті 100 миллиард теңгеге жуықтайды. Басым бағыттардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Осы жылдың жоспары 600 мың шаршы метрге жуық немесе 5 мыңнан астам пәтер мен жеке үй. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілі айтты.

РКС: Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында тұрғын үй құрылысының жоспары 75 процентке орындалған. 450 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет есебінен 55 үй немесе 3 мыңға жуық пәтер салынуда. Оның ішінде арендалық және несиелік тұрғын үйлер, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерге арналған баспаналар бар. 800-ге жуық пәтер аяқталу сатысында.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл 1436 пәтерлік 26 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 9 айда 11 тұрғын үй немесе 642 пәтер берілді. Бұл Көкшетау қаласы мен Аршалы ауданындағы жалға берілетін тұрғын үйлер. Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында және Бурабай ауданында несиелік тұрғын үйлер. Сондай-ақ Атбасар қаласында су басу қаупі бар аймақ тұрғындарына арналған 3 үй. Өткен жылдан бастап тұрғын үй мәселесін шешуге көзқарастар өзгерді, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар енгізілді. Осылайша, биыл Үкіметтің бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй сатып алу қарастырылған.

РЗК: Облыста 15 мектеп салынып жатыр. Жаңа оқу орындары бір ауысымда 15 мыңға жуық баланы оқытатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында 12 200 орындық 9 мектеп салу жоспарлануда. Целиноград ауданына қарасты Талапкер, Қараөткел, Ақмол, Қаражар және Қабанбай батыр ауылдарында 6 білім ошақтарының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Қоянды ауылы мен Көкшетау қаласында жалпы сыйымдылығы 5 мың оқушыға есептелген мектептер пайдалануға беріледі.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын әрқайсысы 80 орындық тағы 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Олар Біржан сал ауданының Бұланды ауылында, Сандықтау ауданы Петровка ауылында, Целиноград ауданы Жаңажол ауылында. Барлық нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, технологиялық құрал-жабдықтар әкелінген. Абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Әрбір нысанның дайындығы 75-80 процентті құрайды. Бестөбе ауылындағы 300 орындық, Көкшетау қаласында 588 орындық мектеп құрылысын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Айта кету керек, бұл мектептер Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылады.

РКС: Сондай-ақ, облыста мектепке дейінгі мекемелер, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақшалар салынуда. Студенттерді жатақханамен қамтуды арттыру мақсатында Көкшетау қаласында 900 орындық 3 нысан салынуда. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында 41 нысанның жобасы іске асуда.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛИШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АКПАРАТ.