ДИКТОР:Былтыр аймақта «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 200-ге жуық шағын несие берілді. Ол ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру мақсатында жеке кәсіп ашуға немесе бастаған ісін кеңейтуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша түрлі бағдарламалардың қатысушыларымен кездесті.
РКС: Қатаркөл ауылында өндірілетін ірімшікке тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, сондай-ақ еліміз бойынша сұраныс жоғары. Кәсіпкер Руслан Соколов "Ауыл аманаты" мемлекеттік бағдарламасы қолдауының арқасында кәсібін дамытып келеді. Бұл бағдарлама өнімнің сапасын жақсартып қана қоймай, өнімділігін де арттырып, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беріп отыр. Вице-министр Асқар Биахметов кәсіпкердің жетістіктерін жоғары бағалап, мұндай бастамалар ауылдың әл-ауқаты мен экономиканың дамуына ықпал ететінін атап өтті.
СНХ: АСҚАР БИАХМЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бұл жоба Руслан Олегович сияқты кәсіпкерлердің үлкен жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жеке кәсібін дамыта отырып, экономиканың ілгерілуіне де өз үлесін қосып жатыр. Жалпы алған мұны мультипликативті әсер деп қабылдауға болады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті шикізат қолданылады.
РКС: Щучинск қаласының тұрғыны Сара Тайжанова «Бастау бизнес» жобасы аясында оқу курсын меңгеріп, грант ұтып алды. Бөлінген гранттық қаражатқа дәнекерлеу жұмыстарына арналған жабдық сатып алды. Осылайша, өзінің жеке бизнес идеясын жүзеге асырып, қазір жеке кәсіпкер. Ай сайынғы табысы бар. Мангал, жаз мезгілінде жекеменшік үйдің алдында демалатын шағын орын, есік, дуал даярлауға тапсырыстар қабылдайды.
СНХ: САРА ТАЙЖАНОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бастау бизнестен ұтып алғанбыз, былтырғы 2023 жылы 1 млн 380 мың. Содан бастаған жұмыстарымыз осы. Жолдасым екеуміз жұмыс жасаймыз. Заявкаларды қабылдап, жолдасыма беремін, әрі қарай жолдасым жасайды. Кез келген қаладан Ақтау, Атырау, Алматы, Қостанай, Бурабай ауданынан, Астанадан көбірек аламыз.
РКС: Айта кетейік, биыл аймақта мемлекеттік бағдарлама бойынша 168 грант бөлінді. Олар табысты жүзеге асырылып, өңірде кәсіпкерліктің дамуына ықпал етіп келеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ