ДИКТОР: Желілік «Абай мектептері» оқушылары арасында V республикалық «Іші-алтын, сырты-күміс сөз жақсысы...» шешендік өнер байқауы өтті. Оған еліміздің 12 өңірінен 24 оқушы бақ сынасты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Оқушылар осы жолы алғаш рет жұптық, командалық сайыс бойынша бақ сынасты. Қатысушылар тақырыптарды жеребе арқылы таңдап жұптасты. Байқау тақырыптары жеті бөлімдерге негізделген тапсырмалардан құрылды. Жұптық шешендік сайыста қатысушылар ұстанымына қарсы бағытта ой өрбітіп, мәселе көтеріп, пікірін қорғап, қиысынды уәжбен тақырыпты толық ашуы тиіс болды. Қатысушылар тақырып аясында бір-біріне нақты әрі өзекті сауал қоюы шарт. Сұрақтың тақырыпқа сай келуі мен өзектілігі, оған берілетін жауаптың қысқа әрі дәл болуы есепке алынды. Келесі бөлімде қатысушылар жеребе арқылы берілген сөз тіркесі, тұрақты тіркес, толғаудан үзіндіні оқып, қысқа уақытта мәнін ашып, сөйлем құрады. Байқау барысында қатысушыларға қарым-қатынас, сахна, тіл тазалығы мен сөз мәдениетін сақтауға шарт қойылды.
СНХ: АҚЕРКЕ НҰРЖАНҚЫЗЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ (АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ): Біз бұл жарысқа екінші рет қатысып тұрмыз мектеп атынан. Осы жыл менің ең бірінші тәжірибем. Жарыс маған тапқырлығымен, шешендігімен сыналатын сайыс арқылы ұнайды. Бөлімдер өте қызықты, әрі адамның ақыл-ойының жетілуіне үлкен септігін тигізеді. Қазақ өзі негізі бекзада халық болғандықтан, бізге бұл шешендік өнер өте қажет дүние. Ат сүрінгенше ақыл табатын, көз сүрінгенше сөз табатын қазақ халқының сынығы болғандықтан, бұл шешендік бізге өте қызықты.
СНХ: НҰРСҰЛТАН ОРЫНБАСАР, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ (АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ): Мен үшін өте үлкен тәжірибе болды шешендік сайысқа қатысу. Бұл шешендік сайыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақ ердің құнын екі ауыз сөзбен кесіп айтқан халықпыз ғой, сондықтан да осы бір шешендік сөз сайысы бұл біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі деп санаймын. Сол ұлттық құндылықты дәріптеу болашақ ұрпақтың міндеті болғандықтан, осы бір шешендік өнерге қатыспау мен үшін мүмкін емес деп санаймын. 00:48
РКС: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасап, жан кескілескен дауды да бір сөзбен тоқтата білген қазақ сөзінің қасиеті, сөз құдіретінің мәні мен мағынасы осында жатса керек. Ал оқыту мен тәрбиелеу үрдісін шешендік өнерсіз елестету мүмкін емес. Осындай сайысқа оқушыларын баптап әкелген ұстаздардың еңбегі мен сахна төріне көтерілген жас өрендердің тапқырлықпен тауып айтқан сөздері де ерекше қошеметке ие екені айтпаса да түсінікті.
СНХ: ЖАНКЕЛДІ КЕНЖЕБАЙ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҰСТАЗЫ (ҚАРАҒАНДЫ): Бұл байқаудың өзіндік ерекшелігі мен ауыртпалығы бар. Бұл жерде өзі аузымен құс тістеген би,баяғы Төле би, Әйтеке би, Сырым батыр атты осындай шешендердің би сөздерін ақыл сөздерін ойына тоқу арқылы өзіндік ел алдында, халық алдында сөйлей алатын датын айта алатын ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор деп айта аламын.
СНХ:АЛТЫНГҮЛ ШАЙМАҒАНБЕТОВА, «АБАЙ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ТЕРЕҢДЕТЕ ОҚЫТАТЫН ОРТА МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Енді мынау Көкшетауда өтіп жатқанының өзі балаларға ерекше әсер етіп жатыр. Өйткені бұл кезінде бүкіл үш жүздің басын қосып ақ кигізге отырғызған, Абылайханның еліне келіп отыр. Бұл жерде кешегі Үкілі Ыбырайлар, Ақан сері, Біржан сал әндері әуелеген, бұл жерге кешегі Сәкен Жүнісовтар, Кәкімбек Салықовтардың табаны жерге тиген жерлер.
РКС: Байқау қорытындысы бойынша Алматыдағы республикалық мамандандырылған мектеп интернатының оқушылары Амина Смағұлқызы мен Айсымбат Тақылбек бас жүлдені еншіледі. Ұлытау облысынан келген Інжу Тілеулі мен Рауан Жақсылық және Батыс Қазақстандықтар Айым Хамидуллина мен Аяна Мәлік 1-шы орынды жеңіп алды. Алматы облысының өкілі Ақерке Нұржанқызы мен Нұрсұлтан Орынбасар, Астана қаласының намысын қорғаған Аяжан Азаматқызы мен Ғабит Рустемов жүлделі екінші орынға ие болды. Қарағанды облысының өкілдері Жібек Қалияқпар мен Аяла Әлқазы, ақмолалық Ажар Жанұзақ пен Фариза Шәменовалар 3 орын иегері атанды. Барлық қатысушы сертификаттармен, ал жүлдегерлер мен жеңімпаздар естелік сыйлықтармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ