ДИКТОР: Қауіпті кезең басталғалы бері облыста 1,5 гектарға жуық аумақта 4 орман өрті тіркелді. Одан келген шығын 200 мың теңгеге жуық. Өткен жылы 58 қауіпті жағдай тіркелді. Яғни, біршама төмендеу байқалады. Бұл туралы брифинг барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы мәлім етті.

РКС: Ақмола облысының орман алқабы 1 миллион гектардан асады. Оның үштен бірі орманды алқап. Басқарманың құзырында 13 орман шаруашылығы мекемесі бар. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен жарақтандыруға қатысты шаралар қабылдануда. Қызыл жалынды жылдам сөндіру үшін 9 шағын орман патрульдік кешені сатып алынды. Тағы 84 өрт сөндіру техникасын лизингке сатып алуға өтінім берілді.

СНХ: ДЖАНЕТ МИКИШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өрт қаупі маусымы басталғалы бері орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері ормандағы қызыл жалынмен күресуге қатысты профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Маусым басталғалы 1895 шақырым минералданған жолақтар тартылып, сонымен бірге 28 мың шақырымынан астам аумаққа күтім жасалды. Айта кетейік, өрт қауіпті кезеңі 4 қараша аяқталады. Осы уақытқа дейін 4 өрт оқиғасы тіркелді.

РКС: Облыста орман қорын молайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы төрт жылда 56 миллион түп көшет отырғызылды. 2027 жылға дейін тағы 95 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ағаш отырғызу орнына деген қажеттілік туындауына байланысты облыстық бюджет есебінен 86 гектар аумаққа тұрақты 2 орман тәлімбағы пайда болады. Қазір оның құрылыс жобасы әзірленді. Ақмола облысында 90 гидротехникалық құрылыс тіркелген. Оның тек 60 проценттен астамы ғана қолданысқа жарамды. Дегенмен, мамандар апатты нысандар халыққа қауіп төндірмейтінін айтуда. Су тасқынына қарсы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Гидротехникалық құрылыстарды салуға және қайта жаңғыртуға 10,5 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ су қоймалары тазартылып, өзен арналары кеңейтілуде.

СНХ: ДЖАНЕТ МИКИШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қылшақты өзенін тазартып жатырмыз. Қазір барлық аумақ тазартылып, саз балшықты шығару жұмыстары жүргізілуде. Оны жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Целиноград ауданында айналма жолдан Қажымұқан ауылына дейін Есіл өзенінің арнасын тереңдету, түзету және кеңейтуге қатысты жоба жүзеге асырылуда. Бұланды ауданында тамыз айында Прохоровск-Колоколовская бөгетін күрделі жөндеу қолға алынды. Аршалы ауданындағы «Анар» стансасында су өткізгіш құрылымдары бар қорғаныш бөгет қайта қалпына келтірілуде.

РКС: Бұл шараларды өткізу кезінде қоғамдық сұраныс пен бақылау факторының маңызы ерекше. Басқарманың қызметі қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға, орман, аңшылық пен балық шаруашылығында табиғи ресурстарды нығайту мен қорғауға бағытталған. Табиғатты пайдаланудың экономикалық механизмдерін жетілдіру кезінде аймақтың экологиялық көрсеткіштері жақсарады.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.