ДИКТОР: Көкшетауда шағын футболдан Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Сапарбек Кәкішевті еске алуға арналған турнир өтті. Бес жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі доп додасына 2016-2017 жылы туған жасөспірімдер қатысты.

РКС:Додаға 7-8 жас аралығындағы 6 команда қатысты. Олар Көкшетау қаласының «Оқжетпес» футбол орталығы, «Энергетик», «Альтаир», «Спортинг», «Оқжетпес» спорт мектебі мен Зеренді ауданынан келген «Supernovas» командасының ойыншылары.

СНХ:АНДРЕЙ КУЛЕНЮК, «SUPERNOVAS» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Мұндай турнирге қатысқанымызға қуаныштымыз. Балғын футболшыларымыз үшін бұл турнир өте маңызды. Осындай кездесулер олар үшін өте пайдалы дер едім. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Бараларға арналған осындай шаралар жиі өтіп тұрса жақсы болар еді.

РКС:Сапарбек Кәкішев ұзақ жыл облыстық спорт басқармасын басқарып, өскелең ұрпақты футболға баулыған спорт қайраткері. Білімі мен біліктілігінің арқасында қатардағы маманнан басшылық лауазымға дейін көтеріліп, өңірдің спорт саласына елеулі үлес қосты. Саналы ғұмырында кәсіби міндетін абыроймен атқарып, әріптестерінің арасында үлкен құрметке ие болған азамат.

СНХ:ЕВГЕНИЙ РОГАЧЕВ,СПОРТ АРДАГЕРІ: Сапарбек Кәкішевпен 10 жылдай бірге жұмыс істедім. Ол спорт басқармасының орынбасары, басшысы, кейін «Оқжетпес» клубының президенті болды. Мен ол кезде жаттықтырушы едім. Командамен жарыстарға баратын кезде ешқашан қаржыландыруға қатысты қиындық туындамайтын. Керемет жанмен әріптес боланымды мақтан етемін. Осы турнир 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Сапарбекті еске ала отырып, жасөспірімдердің арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру насихатталады. Балғын футболшылар – еліміздің болашағы. Алдағы уақытта олар да спорт шебері атанып, өңірдің, еліміздің намысын қорғайды.

СНХ:АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл жарысымыз жыл сайын өтеді. Бұрын ветерандар арасында өтетін. Биыл жасөсіпірімдер арасында өткізуге шешім қабылдадық. Бұл жерде әр команданың аға жаттықтырушылары бар, олар жақсы ойын көрсеткен балаларды болашақта Ақмола облысының құрама командасына алып, республикалық және басқа да жарыстарға қатысуға просмотр жасайды.

РКС: Жарыс қорытыныдысы бойынша 1-ші орынды «Оқжетпес» спорт мектебі, 2-ші орынды «Оқжетпес» футбол орталығының командасы еншіледі. Ал 3-ші орынды «Supernovas» командасы иеленді. Жеңімпаз командаларға кубок табысталды. Сондай-ақ әр қатысушы мақтау қағазымен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ