ДИКТОР: Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасы кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Зиборов бар өмірін адамдардың жүрегін емдеуге арнаған жан. 30 жылдан аса уақыт бойы медицина ғылымының алдыңғы қатарында еңбек етіп, жүрек-қан тамырларының ең күрделі ауруларына шалдыққан науқастарға көмек беруде.

РКС: Сергей Зиборов Көкшетау қаласында туған. Болашақ кардиологтың балалық шағы Камчаткада өтті. Кейін Хабаровскідегі медицина институтын тәмамдайды. Жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін туған қаласы Көкшетауға келіп, еңбек жолын бастайды.

СНХ: СЕРГЕЙ ЗИБОРОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ КАРДИОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Институтты бітіргеннен кейін Амур қаласына қызметке орналасу туралы ұсыныс болды. Бірақ мені Целинаға жіберуді өтіндім. Өйткені бұл менің Отаным, мен осында тұрғым келді. Мені оңайлықпен жібермеді, дегенмен Көкшетауға келіп, қалалық ауруханаға жұмысқа орналастым. Мұнда менде таңдау болды. Пульмонолог немесе кардиолог бола аласыз деді. Бірақ институтта кардиология бағыты қызықтырды. Студенттік ғылыми жұмыстарым да осы тақырыптарға жақын болды. Кардиология саласын әлі де зерттеп келемін. Жас мамандарға білгенімді үйретуге тырысудамын.

РЗК: Сергей Зиборовтың пікірінше, әр дәрігер өз жұмысын жақсы көріп, жан тәнімен атқару керек. Жақсы нәтижеге жету үшін ізденіс пен оқуды да бір сәтке де тоқтатпау шарт.

СНХ: СЕРГЕЙ ЗИБОРОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ КАРДИОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Медицинада диагноз қою үлкен жауапкершілік. Өйткені сырқат түрі күрделі болуы мүмкін, оны түсіну үшін ең алдымен пациенттің клиникалық деректерін, содан кейін әртүрлі зерттеулерді қолданылады. Жылдар өткен сайын аурудың саны артып келеді, Яғни, адамда не болып жатқанын түсіну күрделі процесс. Тиімді көмек көрсету үшін оның бәрі маңызды. Дәрігер үшін ең бастысы науқастың сырқатынан айыққанын көру әрине.

РКС: Сергей Зиборов –шын мәнінде өз мамандығына адал өмір сүретін дәрігердің жарқын үлгісі. Оның кардиологияны дамытуға және науқастардың денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі өте зор.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ