ДИКТОР: Бүгін Көкшетау қаласының бір топ отбасы қуанышқа кенелді. Олардың бәрі бұған дейін баспана кезегінде тұрғандар. Республика күні қарсаңында салтанатты түрде 35 пәтер кілті табысталды. Тілшіміз Жанар Мұқышева көпшіліктің қуанышына куә болып қайтты.

РКС: «Сарыарқа» шағын ауданында орналасқан жаңа пәтер ұзақ жыл кезекте тұрған көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға берілді. Көкшетау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Гүлмира Шұқатова кезекте тұрған отбасыларды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басты мақсаты екенін атап өтті. Бұдан соң оларды мерекемен құттықтап, салтанатты түрде пәтерлердің кілтін табыстады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Баспаналы болған бақытты жанның бірі - Жадыра Рамазанова. Бес баланың анасы. 2017-ші жылы көпбалалы ана ретінде баспана кезегіне тұрған. Бүгін 3 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алып, жақындарымен қуанышын бөлісуде.

СНХ: ЖАДЫРА РАМАЗАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен кезекте 7 жылдан астам тұрмын. Кеше бізді жеребьевкаға шақырды. Қуанышымда шек жоқ. Негізі эмоцияны енді айтып жеткізе алмаймыз. Кешеден бері отбасымызбен бірге қуанып жүрміз. Барша жұртты Қазақстанның 25-ші қазан күнімен құттықтаймыз мересімен. Баршаңызға жұғысты болсын.

РКС: Рашид Өміртаев Ауған соғысының ардагері. Үй кезегінде тұрғанына 17 жыл болыпты.

СНХ: РАШИД ӨМІРТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бүгінгі күн мен үшін өте қымбатты күн. Барша қазақ баласына осындай қызық қуанышын сыйлағым келеді. Ауған соғысы ардагерлерінің атынан бүгінгі келе жатқан Республика күнімен құттықтағым келеді. Аспанымыз ашық, Қазақстанымыз осылай жасай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Рахмет!

РКС: Айта кетейік, жыл басынан бері кезекте тұрғандарға 107 баспананың кілті табысталды. Жыл соңына қарай тағы 30-ға жуық көкшетаулық қоныс тойын тойлайды деп жоспарланып отыр.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ