ДИКТОР: Ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабектің 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Мен де бір бұлбұлыңмын» атты шығармашылық кеш өтті.

РКС: Көкшенің көк нөсері атанған Көкен ақынның ізінен ерген, жастайынан ақынның тәлімі мен тәрбиесін көріп өскен Құдайберлі Мырзабек те ақындық өнерден құр алақан қалмады. Айтыс алаңына жалындап тұрған шәкіртін қанатын қомдап, томағасын сыпырып қосқан да осы Көкен Шәкеев еді. Осылайша талай аламан бәйгеден ат оздырып келген Құдайберлі Мырзабектің 60 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған кешке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов келіп құттықтап, ақынға құрмет көрсетті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Облыс жұртшылығынан өз атымнан осындай бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Ең басытысы денсаулық осы жасалып жатқан игілікті жұмыстың жемісін ары қарай көре беріңіз. Сіздің еңбегіңізге жақсы баға беріп жан-жақтан жақсылар келіп отыр, тойыңыз құтты болсын!

ИНТЕРШУМ:

РКС: Мерейтойға орай ұйымдастырылған кеш шымылдығын өнерге қанат қаққан шәкірті Нұрғиса Елештің арнау айтуымен басталды. Құдайберлі ақын бүгінгінің сал серісі атанып, көпшілікке Көктұйғын ақын деген атпен танылған ақын, түрлі айтыстарға қатысып, өз сүрлеуін қалыптастырған. Кешке еліміздің айтулы азаматтары, елімізге есімдері танымал Жүрсін Ерман,Қорғанбек Аманжол, Жанарбек Әшімхан, Аманжол Әлтаев, Айтақын Бұлғақов, Серік Құсанбаев, Мұхтар Ниязов сынды ақын-жазушылар келді. Айтыстың аламанында үзеңгілес болған жолдастары, мерейтой иесіне өздерінің ақ тілектерін көркем сөзбен,жыр жолдарымен жеткізді.

СНХ: ЖҮРСІН ЕРМАН АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Мен Құдайберліні баяғыда осыдан 40 жыл бұрын болу керек Көкшетау өңірінен тауып алған едім. Содан бері бүкіл шығармашылық өмірің көз алдымда өткен еді. Енді ағалық жасқа келдің, енді ақыл тоқтат, сен тоқтамай кетесің ғой. 50 жасына арналған өлеңім бар еді,соны оқып берейін.

Құдашым, Құдаш інім, Құдайберлі

Мен саған теңгермеймін бұлайғы елді.

Серінің сертке берік сен деп білем

Буынып шыға келсең қынай белді.

РКС: Жазған өлеңдері де от ауызды ақынның орайлы ойымен үндестік тауып,поэзия ауылын да өзіне қарата білген. Олай дейтін себебіміз, ақындық қолтаңбасы бар ақынның 14 өлеңіне ән жазылып қазақ сахнасында орындалып жүр. Жиналған көпшілікке ақынның үзеңгілес ақын достары қара өлеңнен халықтың бойына қан таратып, айтыстың суырыпсалмалық қырларынан да үзінді көрсетті. Ақынның кешінде Кенжебай Мұқышев, Шынар Мәлікова, Асылан Мұхамедияр, Сәрсенбай Хасенов сынды ұлттық өнерді насихаттаушы өнерпаздарда өз өнерлерін ортаға салды.

СНХ: СЕРІК ҚҰСАНБАЕВ АЙТЫСКЕР АҚЫН: Енді мұндай дүбірлі күні тойдың Көкшеде өтуі заңдылық. Заңдылық болатын себебі,Көкшетау ежелден сал-серілер елі деп аталады.Мекені сал-серінің Көкше деп айтамыз ғой.Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай,балуандар да айта берсек көп ғой. Мен осыдан 10 жыл бұрын Құдайберлінің 50 жылдығына келе алмай қалғанмын. Осы жолы келіп,міне кешін бастан аяқ көрдім. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Жүрсін ағамыз бастап, депутаттарымыз бар, ақындардың бәрінің келіп жатуы ол Құдайберлінің абыройы, ол Көкшетаудың абыройы, ол Көкен ағаның абыройы деп білеміз. Еліміздің іргесі тыныш болсын, ырысы төгілмесін, іргесі сөгілмесін!

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Сал-серілер мен батырлардың, билердің, хандардың Көкшесінде дүбірлетіп ұлы той өтіп жатыр. Биылғы жылы Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдығы, оның шәкірті Құдайберлі Рахметұлы Мырзабековтің 60 жылдығы, бұл ұстаз бен шәкірттің тойы. Ұстаз бен шәкірттің мерейтойы. Осы той Көкшетау өңірінде, бүкіл Алаштың тойы, бүкіл қазақтың тойы болып өтіп жатқанына шүкіршілік тәубе етеміз. Ол өзінің Көкен Шәкеевтің ұстазы ретінде өзінің шәкірттік міндетін адал атқарып келе жатыр. Сәкен серінің Жүнісовтың де музейін ашып Сәкен ағасына құрмет көрсетіп жатыр. Құдайберлі сияқты азаматтар көп болсын, кейінгі шәкірттері үлгі-өнеге алсын, өсіп өркендей берсін. Той құтты болсын.

РКС: Шығармашылық кеш соңында Құдайберлі Мырзабек шараға келіп, жүрекжарды тілегін айтқан облыс әкімі Марат Ахметжановқа, кештің өрелі өтуіне үлестерін қосқан ақын-жазушылар мен өнерпаздарға, өнер сүйер қауымға өз ризашылығын білдірді.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ