ДИКТОР: Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Алып күш иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Күш алыбы Қажымұқанның өмірі мен өнеріне арналған кино жарыққа шықты. Қазанның 10-ынан бастап тарихи туынды көрермендер назарына жол тартты. Осы орайда Целиноград ауданына қарасты палуанның есімімен аталатын Қажымұқан ауылының тұрғындары бүкіл ел болып фильмді тамашалады.
РКС: Қажымұқан Мұңайтпасов француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Теңдессіз өнерімен ол Париж, Лондон, Берлин, Стамбул, Буэнос-Айрес, Чикагода қошеметке бөленген алғашқы қазақ спортшысы. Қанағат Мұстафин Қажымұқан туындысының режиссері. Фильмнің сценарийін жазуға 2012 жылы кіріскен. 10 жылдан астам зерттеу жүргізіп, 2020 жылы түсірілімді бастаған. Фильм таныстырылымына қазақтың даңқты балуаны Қажымұқанның кіндік қаны тамған ауылдың 100-ге жуық тұрғыны келіп тамашалады. Олар кезінде палуан жайлы ауылдың үлкендерінен естіген естеліктерімен бөлісті.
СНХ: ҚАДЫР ЖҮСІПОВ, АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ: Ауылда сосын әкем айтып отыратын әкем ол кезде жас бала болған, сонда ауылға келіп, жаңағы анау қорлық көрген баймен төбелеспекші болады, бірақ халық арашалап тоқтатады. Сосын адамдарды арбаға салып алып, онда әкем бала ғой, ол арбаға мініп, жұртпен бірге. Ол кезде полуторка деген машина болады екен. Соларды орнынан қозғалтпай, екеуі екі жаққа тартады, бірақ Қажымұқан жібермейді.
СНХ: ӘСЕМГҮЛ ТАСБОЛАТҚЫЗЫ, АУЫЛ БЕЛСЕНДІСІ: Біз Қажымұқан ауылынан бүкіл ауыл боп келдік премьерасына. Өте қуаныштымыз. Бәрі жақсы ойдағыдай өтіп жатыр. Кино өте қызықты, әсерлі.
РКС: Ауыл белсендісі Таңат Омаров 2014 жылы бұрын Шымкенттен Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткішін әкеліп палуанның ауылына орнатқан. Қажымұқанның есімін ұлықтау, мәңгілікке есте қалдыру бізге міндетғ-дейді ол.
СНХ: ТАҢАТ ОМАРОВ, АУЫЛ БЕЛСЕНДІСІ: Қазақтың ұрпақтары, азаматтары осылай мықты боп өссін деймін. Қажымұқан атамыздың аруағы қолдап жүрсе екен деймін. Шынында біз өте қуаныштымыз. Қазақ болып туғанға. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Өйткені мен осы Қажымұқан ауылында туып, Қажымұқан атамыздың киносын көріп, Қажымұқан атамыздың ескерткішін елге жеткізіп, Қажымұқан атамыздың ауылының атын өзгертіп сондай ат салысқаныма өзімді бақытты санаймын.
РКС: Әнуар Махметов те Қажымұқан ауылының тұрғыны. Кәсіпкер. Ауылдың балғын спортшыларын қолдап, оларға демеу көрсетеді. Өскелең ұрпақты Қажымұқанның өмірімен таныстырып, оның жетістіктерін ұлықтап, үлгі ету мақсатында фильм таныстырылымына командасымен келген.
СНХ: ӘНУАР МАХМЕТОВ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ: Мен үшін аудандық, облыстық, республикалық, сондай-ақ әлемдік аренада ауыл намысын қорғайтын жас спортшыларымызды әкеліп, осы фильмді көрсету маңызды. Себебі біз Қажымұқан атамыздың кіндік қаны тамған ауыл тұрғындарымыз. Күрескер палуан атамыздың есімімен осындай тарихи фильм көрсетіліп жатқанына қуанамыз. Бұл біздің рухымызды асқақтатып, бойымызды шабыттандырады.
РКС: 1871 жылы сәуірдің 7-сінде Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген палуан бабамыз әлемнің 54 мемлекетінде өнер көрсетіп, 48 медаль жеңіп алған. Ол - әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ. Қиындықтар мен кедергілерге қарамастан дүниежүзін мойындатып, әлемдік спорт тарихында өшпес із қалдырған Қажымұқан Мұңайтпасұлының өнегелі өмірі - жастарға үлгі. Бүгінде бозкілемде белдесіп жүрген спортшыларымыз даңқты бабамыздың жеңісті жолын жалғап, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ