ДИКТОР: Ақмола облысында "Ауыл аманаты" жобасын іске асыру үшін былтыр 1,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл бағдарлама ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарына жеке кәсіп ашуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни, кәсіп бастағысы келетіндерге 2,5 проценттік шағын несие беру көзделген. Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барған вице-премьер Тамара Дүйсенова аталмыш жоба арқылы кәсіп ашқан кәсіпкерлермен кездесті.

РКС: Шыны керек, "Ауыл аманаты" жобасы аясында өңір тұрғындары өз кәсібін ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң септік тигізуде. Солардың бірі, атбасарлық Аида Мейрамова. Ол мемлекеттен 8,6 млн.теңге жеңілдетілген несие алды. Оған наубайхана ашып, нан пісіретін пеш пен қамыр илейтін аппарат сатып алған. Жас кәсіпкер 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде 15-20 түрлі нан пісіріп, ұн өнімінен дайындаған тәттілерді халыққа ұсынады.

СНХ: АИДА МЕЙРАМОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Менің жобамның мақсаты нан-тоқаш өнімдерін шығару болды. Біздің ауданда бородинский, қара бидай наны пісірілмейді. Ал, мен алғашқылардың бірі болып осыны қолға алғым келді. Тұрғындар көбінесе асқабақ нанын сұрайды. Өйткені, олар үшін бұл нанның дәмі қызықты. Алдағы уақытта, круассан пісіруді жоспарлап отырмын. Біздің елдімекенде круассан мүлдем жоқ. Қазіргі уақытта арнайы курс сабақтарынан өтіп, бірден жоспарымды жүзеге асырмақпын.

РКС: Өңірде бизнес-идеяларды іске асыру бойынша Атбасар, Бурабай және Целиноград ауданының тұрғындары көш бастап келеді. Жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін көрмеге шығарып, вице-премьерге таныстырды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен "Ауыл аманаты" жобасына қатысушылар Атбасар ауданының мәдениет үйінде бас қосты. Мұнда кәсіпкерлер өз өнімдерінің жобасын көрсетіп, тәжірибе алмасты. Арасында қоқысты қайта өндеп, қожалықтарға арналған су құбырын жасайтын жоба да бар.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРІ: Бүгін енді "Ауыл аманаты" деп келіп отырмыз. Ауыл аманаты деген сөздің атынан да көрініп тұр ғой, ауылдың аманаты. Біз сол аманатқа бәріміз енді сай жұмыс істеуіміз керек. Осы ауыл аманатын жасаған кезде, Мемлекет басшысы былай деп айтқан. Егер де, банкке баратын болсаңыздар, бәленбай проценттік кредит аласыздар. Бүгін міне қолдарына қаражатты бердік, 2,5 процентпен халыққа жеткізіп беру керек. Егер де соңы ауыл әкімімнен бастап, ауылдың әрбір азаматына жеткізіп, әрбір отбасы өзінің табысын көтере алатындай дәрежеге жететін болсақ, онда сендердің жұмыс істегендерін деп есептейміз. Егер де сол ауылдың азаматтары кредит іздеп анау банктен мынау банкке жабатын болса, онда барлықтарын қолдарынды көтеріндер деп. Сондықтан, мен әр облысқа барған кезде бірінші ауыл әкімдерінің, содан кейін аудан әкімдерін, содан кейін барып облыс әкімдеріне осы мәселені жеткізіп келе жатырмын.

РКС: Былтыр өңірде "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 200-ге жуық азамат шағын несие алды. Оның басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға арналған жобаларға берілді. Соның арқасында 300-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылды.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ