ДИКТОР: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры XXVIII маусымын ашты. Театр ұжымы жаңа маусымда көрерменіне Людмила Разумовскаяның "Емтихан" драмасын ұсынды. Қойылымның қоюшы режиссері–жас маман Тасқын Мәжитов. Спектакльдің сюжеті мектеп оқушылары мен мұғалім арасындағы түсінбеушілікті баяндайды. Қойылымның басты мақсаты – жас ұрпақты өмірдің сан-қиылысында кездесетін жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету. Қойылым соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мен театр директоры Жарас Қалдаров өнерпаздарға Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде өнерлерімен жұртшылықты тәнті етіп, белсене қатысқан бір топ театр майталманына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың атынан Алғыс хаттарын табыс етті.