ДИКТОР: Целиноград ауданына қарасты «Родина» агрофирмасы» серіктестігі егін орағын облыс бойынша бірінші болып аяқтады. Ораққа заманауи 60-тан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып, 46 мың гектардан астам алқаптан астық жиылды. "Родина" серіктестігі әр гектарынан 19 центнерден өнім алды. Ал жекеленген алқаптарда минералды тыңайтқыштарды қолданып, барлық агротехникалық шараны сақтаудың нәтижесінде өнімділік гектарынан 27 центнерге дейін жетті. 43 мың тоннадан астам астық бастырылды. Биыл шаруашылық өткен жылмен салыстырғанда екі есе мол өнім жинап алды. Айта кетейік, субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау өнімділіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуде маңызды роль атқарады. Бұл өз кезегінде шаруашылықтың жанар-жағармай материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын және минералды тыңайтқыштарды төмен бағамен сатып алуға жұмсайтын шығындарын біршама төмендетуге ықпал етпек.