ДИКТОР: Қазанның 6-сында өтетін атом электр станциясының құрылысы бойынша референдумның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалғасын тапты. Облыстық халықтық штаб мүшелері әлеуметтік қызметкерлерге жан жақты ақпарат берді.

РКС: Облыстық халықтық штабтың мүшесі Рамазан Мұқатаев атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екеніне сенімді.

СНХ: РАМАЗАН МҰҚАТАЕВ, АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫҚ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕСІ: Ең алдымен атом электр станциясының артықшылықтары қандай, осыдан бастайық. Біріншіден, бұл отынның экологиялық түрі, екіншіден, ұзақ мерзімді инвестиция, ұзақ мерзімді энергия өндірісі. Сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық тұрғыдан көршілес елдерден тәуелсіздігі. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр.

РКС: Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерін толғандырған басты сұрақ – қауіпсіздік мәселесі. Облыстық халықтық штабтың мүшесі Алмат Түкмағанбетовтың айтуынша, атом электр станциясы заманауи технологияларды қолдана отырып салынады. Мұндағы апат ықтималдығы 10 млн жылда біреу ғана. Қазіргі уақытта еліміздің басым бөлігін электр қуатымен көмір станциялары қамтамасыз етіп отыр. Ал оның төндіретін қаупі атом электр станциясымен салыстырсақ 80 есе жоғары. Сондай-ақ атом электр станциясының құрылысы МАГАТЭ халықаралық агенттігінің қатаң бақылауында болады .

СНХ: АЛМАТ ТҮКМАҒАНБЕТОВ, АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫҚ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕСІ: //қазақша// Жалпы, атом электр станциясының құрылысы жобалау сәтінен бастап қауіпсіз болмақ. Себебі МАГАТЭ деп аталатын халықаралық ұйым атом электр станциясының құрылысы мен алдағы уақыттағы жұмысын қадағалайды. Қазіргі уақытта, жаңа буын 3+ ядролық реакторлары шықты. Ол тиімді, әрі халық үшін қауіпсіз. Осыған орай, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын 6 қазанда референдумға келіп, өз дауыстарын беруге шақырамыз.

РКС: Сондай-ақ облыстық халықтық штабтың мүшелері арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерін алаңдатқан «Атом электр станциясы энергия тапшылығын қалай шешеді, тариф өзгере ме?», «Атом электр станциясын салуға қанша уақыт кетеді?» деген сауалдарға толық жауап берді. Әлеуметтік қызметкерлер елдегі атом электр станциясының құрылысына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

СНХ: СӘУЛЕ ЕРЖАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕДБИКЕСІ: Менің жеке пікірім, жалпы, атом электр станциясы энергия тапшылығы мәселесін шешеді, бұл бір. Жаңа бос жұмыс орындары ашылады, деп түсіндірді. Менің ойымша, бұл дұрыс.

РКС: АЭС құрылысына қатысты өтетін референдумға санаулы уақыт ғана қалды, сондықтан штаб мүшелерінің жұмысы да артқан.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ