ДИКТОР: Егде жастағы студенттерге арналған күміс университетінің 4-ші маусымы ашылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанынан ашылған осындай тамаша ұйымның жаңа маусымына орай салтанатты шара өтті. 120-дан астам зейнеткер оқуға қабылданды. Айта кету керек, тыңдаушылардың ең үлкені- 80-де, ең кішісі 56 жаста.

РКС: Халима Қожабаева-Күміс университетінің студенті. Үшінші жыл қатарынан қатысып келеді. Халима апай бұл оқу орны жүрегіне жақын екенін айтады. Себебі, 50 жыл бұрын дәл осы институттың шет тілдері факультетін тәмамдапты. Ол кезде неміс тілін оқыған. Күміс университеттің арқасында ол ағылшын тілін үйрене бастады. Кейіпкеріміздің меңгеріп жатқан 4-ші шет тілі.

СНХ:ХАЛИМА ҚОЖАБАЕВА, КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Соны енді меңгеруге тырысып жүрмін, соған барып жүрмін, ағылшын тілі маған өте ұнайды. Жалпы қазақша, орысша, немісше, енді ағылшынша Алла Жасса сөйлеп кетем ба деп ойлаймын. Өйткені, зейнеткерлердің өміріне жаңа шабыт берген, жаңа қызықты өмір сыйлаған, мүмкіншілік берген,білім алуға, қатысуға. Бұл әрине, өте үлкен біз үшін өте үлкен сондай қуаныш деймін. Сондықтан барлық тұлғаларға, университет басшылығына ризашылығым шексіз.

РКС: Күміс университетінде 8 курс бойынша оқыту ұсынылады. Олардың ішінде тілдер, психология, компьютерлік сауаттылық, тігін, спорт және басқалары бар. Алдағы жылдары бағыттар мен курстардың санын арттыру жоспарланып отыр.

СНХ: МАРАТ СЫРЛЫБАЕВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ: 2021 жылдан бастап үшінші жастағы адамдарға білім беру жобасы Қазақстанның 3 жоғарғы оқу орнында іске қосылды, оның бірі Шоқан Уәлиханов атындағы университеті. Бүгінде бұл жоба 72 жоғары оқу орнында жүзеге асырылуда. Тыңдаушылардың жалпы саны жыл сайын өсуде,білім және бағдарламаның тізбесі кеңеюде, оқыту саласына және түлектердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар артуда.

РКС:Аталған іс-шараға қатысқан AIUTA Халықаралық университеттер қауымдастығының президенті Көкшетау университеті Орталық Азиядағы хабқа айналатынын атап өтті. Сонымен бірге жоғары оқу орнының халықаралық қауымдастыққа қабылданғаны туралы ресми құжатты табыстады.

СНХ: ФРАНСУА ВЕЛАС, AIUTA (U3A) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОҒАРЫ УНИВЕРСИТЕТТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Мен Қазақстан жеріне алғаш табан тіреп тұрмын. Көкшетау қаласын да бірінші көруім. Ыстық ықыластарыңызға ризамын. Оқытушылар құрамын, осы жобамен жұмыс істейтін бүкіл команданы көргеніме қуаныштымын. Сіздердің университеттеріңіз үшін бұл маңызды оқиға. Бүгін біз сіздердің университеттеріңізді үшінші жастағы Халықаралық университеттер қауымдастығына ресми түрде қабылдаймыз. Құтты болсын!

РКС: Айта кетейік, Күміс университетіне жазбаша өтініш бергендердің барлығы қабылданады. Әр пән бойынша дәрістер оқылады. Тыңдаушыларға баға қойылмайды және олар емтихан тапсырмайды. Әлеуметтік жобаның басты мақсаты аға буын өкілдерінің уақытын қызықты әрі тиімді өткізуіне мүмкіндік беру. Курс соңында барлық тыңдаушыға сертифтикат беріледі.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ