ДИКТОР: Облыс аумағында күзгі аңшылық маусымы басталды. Осыған орай облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы өңірдегі табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтау мақсатында бірқатар шаралар өткізуде. Тілшіміз Жанар Мұқышева баяндайды.

РКС: Өңірлік инспекцияда 6 мониторингтік топ құрылған. Рейдтік шаралар барысында аң аулау ережесін бұзудың 6 фактісі анықталды. Оларға қатысты әкімшілік ескерту берілді. Сондай-ақ, тіркелмеген бір аңшылық қаруы тәркіленіп, Аршалы ауданының полиция бөліміне тапсырылды.

СНХ:ЕРЖАН САҒЫНАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Жыл басынан бері 7 қылмыстық іс қозғалды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-ші бабына сәйкес заңсыз аңшылықпен, осы кодекстің 339-шы бабы бойынша жойылып кетудің алдында тұрған сирек кездесетін жануарлармен және өсімдіктермен заңсыз айналысқандар. Келтірілген залалдың сомасы 4 153 500 теңге. Аудандық соттардың үкімімен жыл басынан бері браконьерлік 4 қару тәркіленді. 3 браконьердің мүлкі тәркіленіп, түрлі мерзімге жаза кесілді. Жылдың басында бір қылмыстық құқық бұзушылық Шортанды ауданының аумағында анықталды. Соттың үкімімен браконьер заңсыз елік аулағаны үшін бостандығына шектеу қойылды.

РКС: Инспекция мамандары азаматтарға аң аулау ережелері мен табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына бағынып, заңсыз әрекетке бармауды ескертеді. Сондай-ақ, тек рұқсат етілген жерде және белгіленген мерзімде аң аулау керектігін еске салады.

СНХ:ЕРЖАН САҒЫНАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Аң аулау ережелерін бұзғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер келтірілген залал мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда, заң бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай айыппұл салынуы немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін аң аулау құқығынан айырылады.

РКС: Қыркүйектің бірінен бастап ҚР Қызыл кітабына енгізілген аң-құстардың түрлерінен басқа қаз бен үйректерді аулауға рұқсат етілген. Сондай-ақ қыркүйектің 7-сінен қарашаның 30-ына дейін кекілік пен қарақұйрық аулауға рұқсат. Борсық аулауға рұқсат мерзімі қыркүйектің бірінен қарашаның 15-іне дейін белгіленген. Ал 7-ші қыркүйектен желтоқсанның 31-іне дейін жабайы қабандарды аулауға болады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ