ДИКТОР: Облыстық «Жастар-ресурстік орталығында» жеті дүркін әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің жастармен кездесуі өтті. Чемпион жасөспірімдерге өзінің спорт жолындағы жетістіктері туралы айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді.
РКС: Теміртас Жүсіпов бала кезінде боксшы боламын деп армандамаған, өзінің спорт жолын 16 жаста Көкшетау қаласында студент болып жүрген кезінен бастаған. 17 жасында өзінің ең бірінші медалін жеңіп, бокс жолын батылдықпен жалғастыруға бел буады.
СНХ: ТЕМІРТАС ЖҮСІПОВ, БОКСТАН ЖЕТІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Боксты тек теледидардан көрдім. Біздің ауылымызда барлығы жеңіл атлетика мен қазақша күреспен айналысты.Тек студенттік шақта ғана достарымның кеңесінің арқасында, бокспен айналысуға кірістім. Әлі күнге дейін шет елдерге барып, түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Жақында 8 раундтық жекпе-жекті жеңдім, оның алдында 6 раундта жеңіске жеттім. Енді 10 раундтық жекпе-жекке дайындалудамын.
РСК: Кездесуге бірінші және екінші курс студенттері, сондай-ақ жасөспірім боксшылар қатысты. Әлем чемпионына жастарды қызықтыратын көптеген сұрақтар қойылды. Теміртас бәріне қуана жауап беруге тырысты. Сондай-ақ, спортшы өзінің бокс жолын қалай бастағаны, өтіп кеткен жекпе-жектері мен жеңістері туралы айтты. Кездесу салауатты өмір салтын насихаттау және спортпен шұғылданудың қарапайым спортшыдан чемпион бола алатындығын көрсету мақсатында өткізілді.
СНХ: ЛЕЙЛА ЕСКЕН, «ЖҰЛДЫЗ» ПРОДЮСЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бұл кездесу жастарымызды спортқа баулу, Теміртас мырзамен тәжірибе алмасу барысында өткізген болатын. Бұл жастарымыз үшін үлкен бір мотивация болады деп есептейміз. Осындай кездесулерді алдағы уақытта ұйымдастыруға тырысамыз.
РКС: Шара соңында спортшы жастарға ыстық лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Жерлесімізге Ақмола облысы Ішкі саясат басқарма басшысы атынан алғыс хат табысталды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ӘЛИШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ