ДИКТОР: Жаңа оқу жылы басталды. Демек, ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысы да қызды. Тамыздың 26-сы мен қыркүйектің 6-сы аралығында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осыған орай, полиция қызметкерлері Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің оқушыларымен профилактикалық әңгіме өткізді.

РКС: Профилактикалық шара барысында оқушыларға Қазақстан Республикасының заңдарындағы жаңа нормалар мен өзгерістер туралы айтылды. Сондай-ақ, мектептегі құқық бұзушылық, түнгі уақытта заңды өкілсіз көшеде жүру, компьютерлік клубтарда отыруы үшін қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін деген құқық бұзушылықтар туралы айтылды.

СНХ: ҚУАТ ҚАЖЫМОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯСЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: 2 әкімшілік учаскесіне бекітілгенмін. Бұл бөлікте 7,5 мың бала тіркелген. 6 оқу орны бар. Дәл қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Күн сайын жасөспірімдермен түрлі кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Таңғы жеті жарымда күн сайын жасөспірімдер ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар мектепке келіп, қарап шығады. Одан соң балалармен әңгімелеседі.

РКС: Дәріс барысында оқушыларға маңызды ақпараттар берілді. Мысалы, түрлі вейптерді сатып, таратқандарға айыппұл қарастырылған. Адам денсаулығына жеңіл зиян келтірген және ұрып-соққан құқық бұзушы қылмыстық жазаға тартылады. Бұдан бөлек, оқушыларға педагог мәртебесі де жан-жақты түсіндірілді. Айта кетейік, қазір 2-ші мектеп-лицейде 2700-ге жуық оқушы білім алып жатыр.

СНХ: ЖАННА ҚАЛЫМБАЕВА, №2 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Осы күнге дейінбіздің оқушылар тарапынан ешқандай тәртіпсіздік болған жоқ. Бүгінгі өткізілген дәріс біздің оқушылар үшін пайдалы болды деп есептеймін. Әсіресе, қазір өтпелі кезеңді өткеріп жатқан орта және жоғары буын оқушылары үшін аса маңызды.

РКС: Кешкі мезгілде ювеналды полиция қызметкерлері есепте тұрғандардың үйлерін аралайды. Күн сайын түнгі уақытта рейдтерге шығады. Өйткені, көп жағдайларда заңды өкілдерсіз үйден жырақта жүру деректері көп. Тіпті көңіл көтеру орындарында да оларды кезіктірген жайттар аз емес.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ