ДИКТОР: Степногорск қаласының мәдени өмірі қызыққа толы. Қала тұрғындары іс-шараларда белсенділік танытып келеді. Ал жаңа жобалар жастармен қоса аға буынның да назарын өзіне аударуда. Мәселен, жергілікті "Горняк" мәдениет Сарайы қала тұрғындарының күнделікті тіршілігіне сән беріп, қоғамдық өмірдің бір бөлігіне айналды.

РКС: Рақимаш Тәттімбетова – «Горняк» мәдениет сарайының режиссері. Еңбек жолын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалалық мәдениет бөлімінен бастаған. Ұзақ жыл "Мирас" мәдениет үйінде басшылық қызмет атқарды. Оның басшылығымен алғаш рет ұлттық және фольклорлық ансамбльдер, оркестрлер, хореографиялық ұжымдар құрылып, басқа аймақтан солистер шақырылған.

СНХ: РАҚИМАШ ТӘТТІМБЕТОВА, РЕЖИССЕР: Барлық іс-шараны уақытылы өткізуге тырысамыз. LED-экран, дыбыстық аппаратура секілді жаңа заманауи техникамен жабдықталған. Заман ағымына байланысты іс-шараны өткізу деңгейі мен тәсілдері мүлдем өзгерген деуге болады. Сонда да тың идеялар мен шығармашылық тәсілдерді қарастырып, ізденеміз.

РКС: 1976 жылы құрылған "Горняк" мәдениет сарайы Степногорск қаласының стратегиялық маңызды мәдени-демалыс мекемесі. 600 орынға шақталған үлкен зал, балет мектебі, дайындық және қоғамдық іс-шаралар залы бар. Жыл сайын 400-ден астам түрлі мәдени іс-шара өткізіледі.

СНХ: ВАЛЕНТИНА КОРЯГИНА, "ГОРНЯК" МӘДЕНИЕТ САРАЙЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мәдениет сарайында 24 шығармашылық ұжым мен 5 клубтық бірлестік бар. 10 ұжым "халықтық" атағына ие. Шағын ғана шаһар үшін бұл үлкен көрсеткіш, біз осы ұжымдарымызбен мақтанамыз. Балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерді дамытуға зор үлес қосамыз. Өйткені балғындар сабақтан тыс бос уақытын осы жерде өткізеді.

РКС: Степногорск қаласының мәдени өмірі қала тұрғындарының белсенділігінің арқасында биік деңгейге көтеріліп келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ