ДИКТОР: Облыс шаруашылықтары егістік алқаптарын химиялық өңдеуді аяқтауда. Ауылшаруашылық дақылдарын арамшөптерден қорғау аясында 4,5 миллион гектарға жуық аумақта арамшөптен арылту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аурулар мен зиянкестерге, соның ішінде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.

РЗК: Ақкөл ауданындағы «QAZTAY AGRO» серіктестігі 2021 жылы құрылған. Шаруашылыққа қарасты 5 мың гектар алқап бар. Көктемгі жауын-шашынның мол түсуіне байланысты кеппеген ылғалды топырақ егіс алқаптарын өңдеуге кедергі келтірді. Егіс мерзімі 14 маусымға дейін созылған. Ылғал топырақта арамшөптер көптеп өсіп, күрес жұмыстары белсенді жүргізілді.

СНХ: АЯН ЕСЖАНОВ, «QAZTAY AGRO» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Қазіргі уақытта біз химиялық өңдеумен айналысып жатырмыз. Егіс алқаптарын арамшөптер мен биылғы жылы жауын-шашынның салдарынан пайда болған ауруларға қарсы өңдеу жұмыстары өтуде. Сондай-ақ бидай трипсі сияқты жәндіктерге қарсы күрес жұмыстары ұйымдастырылуда. Биылғы жылы шаруашылық бидайдың 2 сортын екті. Бұл Айна мен Омская түрі.

РКС: Егіс алқабын өңдеу үшін серіктестік құны шамамен 10 миллион теңге тұратын дрон сатып алған. "Жаңа дала" егін күні мамандар аталған техниканы сынақтан өткізіп көрген. Серіктестік еңбеккерлері дронмен жұмыс істеуді меңгеріп алған.

СНХ: АЯН ЕСЖАНОВ, «QAZTAY AGRO» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Дронның өзі шамамен 12 минут ұшады. Оны ауыстыратын батареясын зарядтауға 9 минут кетеді, яғни дрон үздіксіз жұмыс істейді. Гектарына 8 литр дәрі құямыз. Ол сағатына 30 км жылдамдықта, ені 9 метр жерді жүріп өтеді. Жел, ауа температурасы сияқты күн райының жағдайларына байланысты түнде ғана жұмыс істей аламыз. Кешкі сағат 8-ден таңғы 7-ге дейін. Осы ауысымда 150 гектарға жуық жерді өңдедік.

РКC: Химиялық өңдеудің дәстүрлі әдістерінен айырмашылығы, дрон трактормен далалы жерде жүрмей, бидайды дөңгелектерімен баспауға мүмкіндік береді. Тағы бір артықшылығы кез келген биіктікте өскен өнімге өңдеуді жүргізе алады. Яғни, алдағы уақытта шаруашылық биік өсетін дақылдарды да егуді қолға алмақ.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.