ДИКТОР: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Вице-министр өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Экология, орман, ұлттық мемлекеттік табиғи парктердегі тариф бағасы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

РКС: Вице-министр алдымен ақмолалықтарды жеке мәселесімен қабылдады. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Журналистер көтерген бірқатар өзекті мәселе сөз болды. Соның бірі – «Бурабай» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің аумағына кіретін тарифке қатысты. Бурабайда демалу шет елдерден әлдеқайда қымбат. Туристер Қазақстанда саяхаттағаннан көрі шетелге шығу әлдеқайда арзан деп дабыл қағуда әлеуметтік желілерде. Өйткені, биыл елдегі ұлттық табиғи парктердің аумағына кіру құны тағы өскен.

СНХ: НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бурабай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі бойынша теориялық тұрғыдан тарифтердің көтерілмеуі керек. Әсіресе, бизнес үшін. Бұл мәселе депутаттардың құлағына да жетті. Бизнес үшін өсім болмауы тиіс. Бизнес үшін, тіпті жеңілдік те бар. Өйткені, бұған дейін ұлттық парктердің аумағында орналасқан лагерьлер де әр бала үшін ақы төлейтін. Ал енді мұндай болмайды. Бурабайдағы рекреациялық жүктеме өте жоғары. Сондықтан, жазғы уақытта және демалыс күндері тарифтерді көтеруге болады.

РКС: Көкшетауда тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін арнайы полигон жоқ. Әзірге қаладан күнделікті шығарылатын қоқыс рұқсат етілмеген жерлерге төгіле береді. Бүгінде бұл мәселе басты назарда. Ал, жаңа полигонның құрылысы келер жылы басталмақ.

СНХ: НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны нормаларға сай емес. Алты айда 60 мың тонна қалдық төгілді. Оның тек 4,6 мың тоннасы ғана қайта өңделген. Былтыр жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Ақмола облысында 800-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс төгу орны анықталды. Соның 100-ден астамы жойылды. Қазір аймақта 4 аудан орталығында қалдықтарды бөлек-бөлек жинайтын 300-ге жуық контейнер орнатылған.

РКС: Өңірде қоқыс шығару мәселесі әлі де өзекті. Бұл проблема осыған дейін де талай рет көтерілді. Қалдық үйінділері мен заңсыз полигондар саны азаймай тұр. Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдайтын көліктер де ескірген. Осыған орай, қазір өңірде арнайы 4 жоба қолға алынбақ. Құжаттары реттеліп жатыр.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ