ДИКТОР: Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні атап өтіледі. Бүгін Зеренді ауданында іс-шараның ресми бөлігінің алдында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіпов балаларға бокстан шеберлік сабағын өткізді. Шараға Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов та қатысты.

РКС: Зеренді ауданы тұрғындарының тең жартысына жуығы салауатты өмір салтын ұстанады. Қазір аудан көлемінде 75 спорт ғимараты, балалар мен жасөспірімдердің 2 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Шаңғы жарысы, күрес, волейбол, баскетбол, футбол, каратэ, бокс бөлімшелері де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған.

СНХ: ӘСЕН ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жақында бізде бокс залы ашылды, жаттығуларға қатысамыз.Бүгін ашық алаңда өткіздік, оған өзім де қатыстым. Жақында өткен "Ақ бидай"спортакиадасында біздің аудан бірінші орынды иеленді. Әрбір ауылдық округте инфрақұрылымды дамытуға күш саламыз. Ашық воркаут алаңдары жасақталды. Клубтарды жөндеуден өткіземіз. Ол жерлерде қосымша секциялар ашылады. Аға буын өкілі ретінде біз өскелең ұрпаққа жауаптымыз. Балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауымыз керек. Спорт арқылы мінез қалыптасады, батылдық пайда болады.

РКС: Қатаң тәртіпсіз табысты спортшы болу мүмкін емес. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіпов балғын боксшыларға өзінің жеткен биігіне еңбектің арқасында келгенін айтты.

СНХ: МЕРЕКЕ ЖҮСІПОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Дарынды, қабілетті балалардың бар екеніне көзім жетті, біраз уақыттан кейін солардан мықты спортшы шығатынына күмәнім жоқ. Зал соңғы үлгімен жабдықтталған, біздің кезімізде мұның бірі де болған жоқ. Әрине, 1000 спортшының бір-екеуі ғана биік белесті бағындыруы мүмкін. Қалғандары соларға қарап бой түзейді.

РКС: Бокс клубына келетін 30 бала жаттығу өткізіп, жұптасып жұдырықтасты.

СНХ: АЙМҰХАММЕД БЕКБАЕВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мектепте бокс клубы ашылады деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Содан бері бір жылға жуықтады, осы жерге жаттығуға келемін. Әнуар ағаның басшылығымен жаттығамыз, мықты жаттықтырушы.

РКС: Салтанатты шара барысында жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, "Ақ бидай", "Отан" және "Үміт" облыстық спартакиадаларының қатысушылары марапатталды. Айта кетейік, спортшылар бұл жарыстарда бірінші және екінші орындарды еншілеген еді.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ