ДИКТОР: Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық экоплоггинг өтті. Бұл фитнесте, жүгірумен мен қатар бір уақытта қоқыс жинаумен айналысады. Оған 350 адам қатысты.
РКС: Белсенділер Сарқырама өзенінің жағалауындағы демалушылар шашып кеткен түрлі қоқыс қалдықтарын жинады. Экологиялық акцияға қатысушылардың қатарында «Amanat» партиясының өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, еріктілер мен белсенді жастар болды.
СНХ: ӘБІЛҚАЙЫР АЙНАБАЕВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Сарқырама өзені тарихи мәнге ие. Ол Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылын қосады. Бұл аумақта қоқысқа арналған бактар орнатылған. Оларға біз жиналған қоқыстың бәрін салдық. Жалпы, үлкен жұмыс атқардық.
РКС: Сондай-ақ, экоплоггингке қатысушылар Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы арасындағы тас жол бойындағы қоқыстарды да жинады. Айта кетейік, аталған шара қала тұрғындары мен туристердің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде патриотизм, табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға деген құндылықтарды қалыптастырады.
СНХ: ӘЛИЯ ТҰРАР, ЭКОПЛОГГИНГ ҚАТЫСУШЫСЫ: Таза Қазақстан »акциясы аясында өткізіліп жатқан бұл акцияны қолдауға келдім. Бұл менің алғашқы қатысуым емес. Апта сайын біз жастар болып, осындай акцияларға қатысамыз. Бүгін осы аумақты шамамен үш сағат бойы жинадық.
РКС: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері облыста 550-ден астам елді мекен тазартылып, 80 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Барлығы өңір бойынша 3500 мыңға жуық адамның қатысуымен 500 бір реттік экологиялық іс-шара өткізілді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ