ДИКТОР: Экономикалық тергеп-тексеру департаменті экономика саласындағы заңсыздықты төмендету мақсатында кешенді жоспарды іске асыруда. Мәселен, облыста заңға қайшы кәсіпкерлік қызметпен айналысқан тұлғалар анықталды. Іздестіру шаралары барысында алкоголь өнімдерін өткізу, бағалы металдардың заңсыз айналымы фактілері анықталды.

РКС: Былтыр жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алкоголь өнімін өткізу фактісі анықталды. Тінту барысында ішімдіктің қауіпті баламасын жасайтын шағын зауыттан 4 мыңға жуық литр спирт, 20 мыңнан астам бөтелкедегі түрлі атаудағы алкоголь өнімі тәркіленді.

СНХ: СЫРЫМБЕТ АХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Заңсыз кәсіпкерлер 100 млн. теңгеден астам соммаға алкоголь дайындады. Бұдан басқа, алкогольдің қолдан жасалғанын біле тұра, арзандатылған бағамен сатып алған Көкшетау, Қосшы, Степногорск, Ақкөл және Макинка қалаларының 9 азаматы анықталды. Оның 3-уі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал, 6-уын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін, мемлекеттік кірістер органдарына жіберілді.

РКС: Қазақстан зергерлер лигасының деректеріне сәйкес, зергерлік нарықтың жалпы көлеңкелі айналымы 300 млрд. теңгеге жуықтайды. Сарапшылардың айтуынша, елімізде жасырын цехтар жұмыс істейді. Олардың жабдықтары бағалы бұйымдарды түрік, итальян, ресей өндірісі ретінде ұсынып, жалған таңба қоя алады.

СНХ: СЫРЫМБЕТ АХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Департамент сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне шамамен 1 млрд. теңге сомасына бағалы металдардың заңсыз айналымы фактілері бойынша материалдар тіркеді. Құрамында алтын бар кендi заңсыз өндiруден бастап, оны қайта өңдеу және бағалы металды алумен айналысатын цехтар, сондай-ақ, есепке алынбаған бағалы бұйымдарды сатуды жүзеге асыратын қылмыстық топтардың жұмыс әдістері әшкереленді. Шара барысында 300-ден астам зергерлік бұйым және 34 млн. теңгеге жуық алтын құймалар тәркіленді.

РКС: Бағалы металдарды заңсыз өндірумен және сатумен айналысқан 2 топқа қатысты істер сотқа жолданды. Айта кету керек, бағалы металдар жеке бизнестің де, мемлекеттің де стратегиялық активі. Осы материалдардың заңсыз айналымы елдің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.