ДИКТОР: Классикалық шахматтан Ақмола облысы әкімінің алғашқы ашық кубогы басталды. Жарыс 29 шілдеге дейін жалғасады. Халықаралық турнирге Қазақстанның он облысынан келген шахматшылардан бөлек, АҚШ, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Федерациясының гроссмейстерлері қатысуда.

РКС: Кубоктың екі секциясының жүлде қоры 1,5 миллион теңгеден асады. Демеуші Қазақстан шахмат федерациясы. Ойыншыларды қарсы алған өңір басшысы Марат Ахметжанов мұндай шараның маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, шеберлік турнирде Жанбота Қамарованың өнер көрсетіп жатқаны қуантты, - дейді қатысушылар. Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерінің шахмат тақтасындағы алғашқы қадамын Марат Ахметжанов жасап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Аймақ басшысы биыл Көкшетауда Шахмат үйін ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. Ауқымды рейтингтік турнирде Қазақстанның 10 облысынан 106 қатысушы швейцариялық жүйе бойынша 9 турда өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар болашағынан үміт күттіретін шахматшылардың спорттық шеберліктерін арттырып, жалпы шахмат спортын кеңінен насихаттауға үміт білдірді.

СНХ: СЕРІКБАЙ ТЕМІРБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ: Қазір шахмат барлық аймақтарда қарқынды дамып келеді. Тіпті, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр. Біздің облыстың өзінде 1 қыркүйектен бастап 30-дан астам мектепте шахмат сабағы енгізіледі. Ал бұл турнир де шахматты насихаттауға үлес қоспақ.

РКС: Бүгінде өңірде 10 мыңнан астам адам шахмат ойына белсене қатысып жатыр.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ