ДИКТОР: Облыс орталығында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауы талқыланды. Оған Ақмола ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдардың басшылары, «Қоғамдық келісім», бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.

РКС: Жиынға қатысушылар Президент Жолдауының нақты бағыттарына тоқталып, кәсіптік білім беру саласына қатысты тапсырмаларын қолдайтындығына баса назар аударды. Мәселен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл - Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Техникалық, кәсіби білім беру жүйесін реформалау және жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау қажеттілігін атап өтті.

СНХ: ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Мен кәсіптік-техникалық білім өзгеріс, тұрақты жаңғырту, жетілдіруді талап етеді деп санаймын. Жалпы алғанда, орта арнаулы мекемелердегі интеллектуалды деңгей жеткілікті деңгейге көтерілуі қажет. Егер жұмысшылардың кәсібін насихаттау орын алса, жұмысшы адамның беделін көтеретін болса, онда жастардың да бұл мамандықтарға қызығушылығы арта түседі.

РКС: Сондай-ақ талқылауға қатысушылар Жолдаудағы 2029 жылға қарай ел экономикасында орта бизнестің үлесін 15 процентке жеткізу мәселесіне де назар аударды. Қазір бұл көрсеткіш 7 процент шамасында.

СНХ: УМАР ШОНАЗАРОВ, «САНГИ-КАБУД» ТӘЖІК ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біздің алдымызда шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін үлкен міндет тұр. Сондай-ақ, барлық бизнес қоғамдастық Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртады деген сөзімен толық келісеміз. Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына және шағын және орта бизнестің үлесі артуына жаңа серпін береді деген сенімдеміз.

РКС: Талқылауға қатысушылар ортақ мақсатқа жету үшін Жолдаудың іске асуына өз үлестерін қосуға дайын екендігін жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ