ДИКТОР: Күрделі мамандықтың бірі - орманшы. Олардың міндеті жасыл желекті аялап, орман алқаптарын көбейту. Оған тек жауапкершілігі мол, төзімді, сабырлы, табиғатты жан-тәнімен сүйетің адам шыдай алады. Ел байлығын қызғыштай қорғап жүргендердің бірі - Потибенко әулеті.
РКС: Ормандағы тыныс-тіршілік бөлек. Оның тылсым сырын ұғына білудің өзі оңай емес. Орманшы ару Галина Потибенконың осы салаға қызығушылық білдіруінің өзі - бір тарих. Бала кезінен әкесімен тау-тасты аралап, аң-құсқа өзінің қамқорлығын көрсетіп, өсімдіктерді аялап өскен. Табиғатқа деген махаббатының арқасында бұл салада 40 жылға жуық ерлермен қатар иық тіресе еңбек етуде. Орман шаруашылығына алғашқы қадамын 1987 жылы бастады.
СНХ: ГАЛИНА ПОТИБЕНКО, ОРМАНШЫ: Әкем орманшы болып жұмыс істеді. Мен де әкемнің ізін қуып орманшы болғым келді. Әрине, басында ата-анам қарсы болды. Олар орманшы жұмысының қиындығын және әйелге емес екенін айтты. Бірақ, мен өз арманымнан бас тарта алмадым. Себебі, табиғатты өте жақсы көремін. Мен оларға орман шаруашылығы мамандығына түспесем онда ешқандай оқуға түспеймін деп талап қойдым. Кейін Бурабай ауданына қарасты ауылшаруашылық техникумына оқуға түстім. Оқуымды 1987 жылы аяқтап, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Полудинск орман шаруашылығы кәсіпорнында алғашқы еңбек жолымды бастадым. 1989 жылы өзімнің туған жеріме оралып, жұмысымды жалғастырдым. Алғашқыда цех шебері болып жұмыс істедім. Кейін орманшының көмекшісі болдым. Ал қазір орманшы болып еңбек жолымды жалғастырудамын. Біздің жұмысымыз оңай емес.
РКС: Орман шебері бекіткен кестеге сай, тәуліктің қай сағаты болмасын шаруашылық аумағын аралап, оны жіті қадағалап жүреді. Қыстың суығына да, жаздың ыстығына да төзіп жүрген орманшылардың жұмысы қауырт. Сондай-ақ, Галина Василийқызы орман қорғаудан басқа, орман зиянкестері мен ауруларының таралуына жол бермей, жас ағаштарды егеді және әлсіз ағаштарға күтім жасайды.
СНХ: ГАЛИНА ПОТИБЕНКО, ОРМАНШЫ: Көктемде қар ери бастағанда, біз аумақты бақылап, құрғақ өсімдіктерді жағамыз. Кейін орман дақылдарын егеміз. Қарағай мен қайың ағаштарын отырғызамыз. Орманның жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз. Сондай-ақ, орманға арнайы орман патологиялық сараптамасын жүргіземіз. Зиянкестер мен орман ауруларын анықтаймыз. Орман аурулары болса, санитарлық және іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің басты міндетіміз – орманды қорғау.
РКС: Орманшы болу әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл жұмысқа шыдамайтын ер-азаматтар да кездесіп жатады. Ал Галина Потибенко болса бұл мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді, - дейді әріптестері.
СНХ: АМАНГЕЛДІ ЕРЖІГІТОВ, ОРМАН ИНЖЕНЕРІ: Галина Василийқызы - өз маманының шебері. Көмек қолын созуға дайын тұрады. Орман шаруашылығында жинаған тәжірибесі мол. Соның арқасында қазір ол жауапты, жақсы маман.
РКС: Бүгінгі таңда "Көкшетау" ұлттық табиғи паркін 300-ге жуық орманшы қорғайды. Оның ішінде 11 нәзік жанды бар. Олар табиғатымызды барынша қорғап, орман аймағын кеңейтуде.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ