ДИКТОР: Мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар елеусіз қалған жоқ. Апатты деп танылған үйлер сырылып, жаңа баспаналар бой көтеруде. Бұланды ауданына қарасты Капитоновка елдімекенінде 15 үйдің іргесі қаланды.

РКС: Қызыл су өңір тұрғындарын қып-қызыл шығынға батырды. Капитоновка ауылында 25 үйге су кірген. Оның 15-сі апатты деп танылды. Қалған 10 үйге 1 миллионнан астам теңге қаржылай және өзге де көмек көрсетілді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: НАТАЛЬЯ ШМЕЛЬЦЕР, КОПИТОНОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бәрі басталған кезде өте қорқынышты болды. Мен баламмен құрбымның үйінде 10 күн тұрақтадым. Ал су тасқынынан кейін үйдің ішінде қалған дүниелерді сыртқа шығарып, реттедік. Еден суланып тұрған соң линолеумды алып тастауға тура келді. Пеш опырылып түсті. Үйде судың деңгейі белден келді. Көп мүлік қолданысқа жарамсыз. Гуманитарлық көмек көрсетілгенін айта кету керек. Азық-түліктің бәрі су астында қалды. Қорадағы мал азығын су шайылып кетті. Ең болмағанда малды аман алып қалдық. Бірақ сабан, шөп, бүлінген. Алғашқы қаржылай көмек көрсетілген кезде, бірден керек-жарағымызға жаратып, төрт түлікке қорек сатып алдық.

РКС: Бұл үй 70 жыл бұрын салынған. Тозығы әбден жеткен баспананың қабырғасы құлауға жақын. Наталья Шмельцер жаңа үйдің құрылысын сырттан бақылап, аяқталуын асыға күтіп жүр.

СТЕНДАП: РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ТІЛШІ: Үйдің аумағы 83 шаршы метр. Сапалы құрылыс материалдары - өңірлік кәсіпорындардың өнімі. Әр үй 4 бөлмеден тұрады. Тұрғындарға бар жағдай жасалған. Жалпы 15 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 1 үйдің құрылысына 20 миллионнан астам қаражат жұмылдырылған.

СНХ: ОЛЕГ КОВАЛЕВ, УЧАСТКЕ БАСШЫСЫ: Тұрғын үйлердің құрылысын мамыр айының соңында бастадық. Ескі құрылысты бұзып, құрылыс орнындағы ағаштарды түбірімен алып, құрылыс аумағын тазартып тастадық. Үйлердің тізбектер жер телімін белгілеген соң негіз бағаналарын қаға бастадық. Қазір ішкі су құбыры, кәріз және электр желілері 70 пайыз жүргізілді.

РКС: Құрылыс жұмыстары тамыз айының ортасында толық аяқталып, тұрғындарға үйдің кілті табысталмақ. Әзірше жұмыс кестесі күнтізбеден ауытқымаған. Айта кетейік, Макинск қаласында жаңа үйлер бой көтермесе де, топан судың салдарынан үйлері зақымдалған 11 отбасыға баспана сатып алынды.

СНХ: ЛАРИСА САНАЕВА, МАКИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Арғы бөлмеден су кірді. Салдарынан қабырғаларды көк басып, үгіле бастады. Ақыр соңында түн жарымда құлап қалды. Үй тұруға жарамсыз. Көк басқан үй шіріп жатыр. Балалар жиі аурады. Үлкен балам астма дертіне шалдығып, ауруханада жатып шықты. Көкшетау қаласынан арнайы келген комиссия мүшелері үйдің қираған жағдайымен танысып өз бағасын берді. Мен күрделі жөндеу жұмыстарына ақша бөлінеді деп ойлағам. Жаңа баспанаға ие боламын деп 100 ұйықтасам түсіме де кірген емес. Қуанышымда шек жоқ. Жаңа үй кең, жарық, әрі құрғақ. Балаларымның жағдайы жақсы. Комиссия мүшелері үйді өзімізге таңдауға мүмкіндік берді. Оларға үлкен рахмет!

РКС: Айта кетейік Лариса Санаева 6 баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана. Көп балалы ананың қоныс тойы құт берекеге толы болсын дейміз. Жалпы Ақмола облысы бойынша 200-ден астам тұрғынға пәтер сатып алынды.

СНХ: АРДАҚ СМАЙЫЛОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ол Капитоновкада 15 үй, Журавлевкада 43 үй, Иванковкада 41 үй, Вознисенкада 16 үй. Бәрі 115 үй. 15-ші тамызға дейін Капитоновкадағы 15 үй тапсырылады. Қалғандары кезең-кезеңімен тапсырылады. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Біз өзіміз барып, қадағалап, сапасында қадағалап, жұмыс қалай жүріп жатқанын қадағалап жатырмыз. 192 адамға 100 МРП біз төледік. Ол 87 миллион теңге.

РКС: Су тасқыны салдарынан бүлінген мүлік шығынына қатысты құжаттар әзірленіп, жауапты органдарға жолданды. Бұдан бөлек, Бұланды ауданына қарасты бірнеше ауылдың жолдарына жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ көпір де істеліп жатыр.

РИЗАГҮЛ ШАМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ