ДИКТОР: Қосшы қаласындағы жаңа үйлерден әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға баспана сатып алынады. Шаһарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Марат Ахметжанов пайдалануға беруге дайындалып жатқан бірнеше жаңа тұрғын үй кешенінің барысымен танысты. Жуыр арада Қосшы қаласының 120 отбасы сапалы әрі жайлы баспананың иесі атанбақ.

РКС: Биылдан бастап әлеуметтік осал топ санатына жататын тұрғындар үшін баспана салынып жатқан жоқ. Бірақ нарықтағы бағамен жаңа салынып жатқан үйлерден пәтерлер сатылып алынуда. Конкурсқа жергілікті құрылыс компаниялары қатысып жатыр. Мердігерлерге қойылатын талап қатаң. Әр жаңа пәтерге қоныстануға толық дайын болуы шарт.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұрын осындай жолы болған жоқ. Осындай пәтерлерді біз сала алмадық, ала алмадық. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осындай жақсы, жайлы үйлермен мұқтаж адамдарды қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.

РКС: Лесная поляна шағын ауданында салынып жатқан бір үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі мен мердігер ұйымның арасындағы келісім-шарт бойынша осы үйден әлеуметтік осал топқа жататындарға 20 пәтер сатып алынады.

СНХ: ДӘУРЕН ГАЛЕЕВ, «GLOBAL EXPERT DEVELOPMENT GROUP» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Сондай-ақ, қазір құрылысы жүріп жатқан үйден тамыз-қыркүйек айларында тағы 60 пәтер пайдалануға беріледі. Баспаналардың аумағы стандартқа сай. Төбесінің биіктігі 3 метрге жуық. Бір бөлмелі пәтер 30, екі бөлмелі 56 шаршы метр. Үш бөлмелі пәтердің аумағы 70 шаршы метрге дейін жетеді.

РКС: Мердігерлермен кездескен Марат Ахметжанов өз ісіне жауапты қараған компаниялармен ынтымақтастық жалғасатынын еске салды. Алғашқы 20 отбасына осы айдың соңына дейін пәтер кілті табысталмақ.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қосшы қаласында 120 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Оған шамамен 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде жетім балалар мен көпбалалы отбасының тұрғын үй мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді.

РКС: Айта кетейік, жыл соңына дейін облыс бойынша 841 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 16 миллиард теңге қарастырылған.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘЛІМОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.