ДИКТОР: Облыс аумағында күрделі жөндеу мен заманауи қондырғыларды қажет ететін медициналық мекемелер аз емес. Бұл мәселені біржақты ету мақсатында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында бірнеше ауданға қаржы бөлінген. Бірақ, оның өзі аздық етеді,-дейді жауаптылар. Өзекті сұрақтар облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды.

РКС: Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында 9 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Облыс дәрігерлермен 71, ал орташа медицина қызметкерлерімен 85 процентке қамтылған. Бірақ, бұл да аз. Осы күні 190 маманның жетіспеушілігі байқалады. Оның ішінде қалаларға 65, елді мекендерге 125 ақ халатты қажет. Атбасар ауданына 42, Есіл ауданына 20, Жарқайыңға 15, Біржан салға 11, ал Степногорск қаласына 17 дәрігер қажет.

ИНФОГРАФИКА:

Облыс бойынша 190 маман тапшы

Қалаларда – 65

Елді мекендерде – 125

Атбасар - 42,

Есіл - 20,

Жарқайың - 15,

Біржан сал - 11,

Степногорск - 17

РКС: Бұл мәселені шешу мақсатында аудан әкімдері жыл сайын бірнеше студентті тегін оқытып, өздеріне мамандық иелерін даярлайды. Бірақ, диплом қолдарына тиген соң, ақшасын кері қайтарып, ауылды жерге барудан бас тартатындар көбейіп барады. Сондықтан, осы мәселені қайта қарастырған жөн дейді отырысқа қатысушылар. Яғни, қайтаратын ақша көлемін көбейту керек немесе елді мекендерде жұмыс істеуге міндеттеу қажет,-дейді олар.

СНХ: ЕЛЕНА ИВАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаттың да тиісті мөлшерде бөлінбейтінін немесе мүлдем бөлінбейтінін айтқым келеді. 2024 жылы 17 нысанға жөндеу жасап, 3 жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 1,9 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде, «Ауыл Ел-бесігі» аясында 145,5 миллион теңге. Бұл қаражат жеткіліксіз. Айталық, Аршалы, Шортанды аудандары мен Красный Яр және Көкшетаудағы 4 мекемеге 4,2 миллиард теңге қажет. Ал, бөлінгені, небәрі 1,5 миллиард.

РКС: Бұдан басқа 13 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорынан 2,1 миллиард теңге бөлінген. Тағы 1,2 миллиард қажет. Отырысқа онлайн қатысқан аудандықтар өз жерлеріндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Қорғалжын ауданы орталық ауруханасына лифт қажет. Білім ордаларындағы дәрігерлер саны да аз. Осы күні 600 оқушыға 1 дәрігерден келеді. Отырыста облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының жұмысы жайлы да сөз қозғалды.

СНХ: РҮСТЕМ СӘДІРҚОЖАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Санитарлық көліктің жалпы тозу саны қазіргі таңда іс жүзінде олардың бәрі мезгіл мезгілмен істен шығып, ішінара жөндеуді талап етіп отырмыз. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 30-шы қарашадағы 225ші бұйрығына сәйкес медициналық жабдықтармен қамту 100 пайыз құрап отырмыз.

РКС: Отырыста есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту, уақытша бейімдеу орталығының қызметі, медициналық мекемелерді қажетті қондырғылармен қамту сұрақтары да көтерілді. Оларды алдағы уақытта егжей-тегжейлі қарастырып, нақты шешім шығарамыз,-деді комиссия мүшелері.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ