ДИКТОР: Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы. Мақтаныш етер бай мұрасы – дәстүрлі әндер. Халықтық мұраны жалғастырып келе жатқан Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының ардагері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбсалық Салықұлының 70 жылдық мерейтойына орай Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Өнерім-өмірім» атты әдеби кеш ұйымдастырды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Игі шара «Өңірдің өнер майталмандары» жобасы аясында өтті. Өнер өлкесінде еліміздің мәдени мұрасын сақтап, бағасын арттырып жүрген асыл жандармен кеңірек таныстыру мақсатындағы жоба. Мерейтой иесінің әсем әнімен көрерменін әлдилеп жүргеніне жарты ғасырдан асыпты.

СНХ: ӘБСАЛЫҚ САЛЫҚ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ: Халықтың құрметі, мені шақырып, осындай шара істеп жатқаныма мен ризамын. Кісілер келіп жатыр. Тыңдаймыз деп. Үлкен рахмет. Естелік қой. Барлығы көтермелеп жатыр. 9-класс оқып жүргенімде шығарған өлеңім бар. Ол кезде ол «Бесжылдық» деген болатын. Сол Союз кезінде 5 жылдық планға арнап жазған өлең.

РКС: Дәстүрлі әнші Торғай топырағында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң Арман қуып Алматыға барады. Сол жерде эстрадалық-цирк студиясын аяқтап, кейін жолдамамен Көкшетауға келіп, сал-серілердің ізін жалғады.

СНХ: ЕРБОЛАТ БАЯТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Алматыдан біреуі Жүсіпбек Елебековтен, бірі Ғарифолла Құрманғалиевтан дәріс алып, Көкшетауға келген екі әнші болды. Бірі, Бисара Мәкенова ҚР еңбек сіңірген әртісі. Онан кейін мерейтойдың иесі Әбсалық Салық ағамыз. Енді бір өнер үзілейін-үзілейін деп тұрған шақта соған тамырына қан жүгірткен адам. Қара домбырасын құшақтап, қазақтың дәстүрлі әнін айтып келе жатқан үлкен майталман. Шығармашылық тұлға. Үлкен әнші деп мен бағалаймын.

РКС: Кеш барысында жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мерейтой иесінің өнер жолына қатысты қызықты естеліктерді тыңдап, түрлі сауалдарын қойды. Әдеби кешке жиналғандар әсем ән тыңдап, құлақ құрышын қандырып тарқасты.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ДАРХАН ДӘУЛЕТ, КӨКШЕ АҚПАРАТ