ДИКТОР: Соңғы қоңырау мерекесі ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Айтулы мереке биыл алғаш рет республика бойынша барлық білім ошағында «Білімім – Отаныма» тақырыбымен бірыңғай форматта сынып сағаты ретінде өткізілді. Тілшіміз Мақпал Ерғалиева баяндайды.

РКС: Биыл облыста 138 мың оқушы оқу жылын тәмамдады. Соның 5 мыңға жуығы 11-сынып түлектері. Кеше ғана Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Білім ордасы осы уақытқа дейін 5 мыңға жуық түлекті қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама берген. Шараға қатысушылар бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, оқушылар мен мектеп ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтады.

СНХ: БОТАКӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тағы бір оқу жылы өтіп кетті. Қас қағым сәт. Осы бір жыл біреу үшін ұзақ жыл болған шығар, біреу үшін қысқа ғана сәт. Бірақ бұл біздердің, оқушылардың, педагогтардың тарихтың бір белесі. Биылғы оқу жылы сіздердің мектептеріңіздің 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Кеше ғана осынау тарихи сәттің куәсі болдық. аудандарынан, қалаларынан келген дарынды балалар, сіздер осы мектептің қабырғасында жақсы білім алып, ертеңгі күні елімізде адал қызмет жасайды деген сенімдеміз.

РКС: Білім ордасының ұстаздары аталған шараға үлкен жауапкершілікпен дайындалған.

СНХ: АЙДАНА САҒАТАЙ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №3 ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Жалпы, сынып ішіндегі «Білімім Отаныма» атты тәрбие сағаттары ұйымдастырылып жатыр. Қазір бізде осы тақырыптарға сынып сағаттары өтуде. Одан кейін оқушылар 27 мамыр күні қазақ тілінен емтихан тапсырады. Содан соң жазғы демалыстарға кетеді. Оқушыларыма, тек қана сәттілік тілеймін. Келесі оқу жылында үлкен жетістіктерге жетіп, үлкен белестерді бағындыруға тілектеспін.

РКС: Өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрған Алуа Дулатова облыстық, республикалық сайыстардың, пән олимпиадаларының жеңімпазы. Болашақта оқу үздігі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандайды.

СНХ: АЛУА ДУЛАТОВА, «АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕР: Алдағы уақытта ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғарғы оқу орындарына түсеміз деген сенім бар. Менің сыныбымда 17 оқушы бар. Әрқайсысымыздың мақсатымыз, болашаққа деген жоспарларымыз мол. Жуырда соңғы аптада Мәшһүр Жүсіп оқуларына қатысып 1-орын иегері атандым. «Жарқын» республикалық сайысында 3-орын иегері атанып, Торайғыров университетіне грант ұтып алған болатынмын. Мұның барлығы менің болашағыма үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

РКС: Салтанатты шарадан кейін мектеп оқушылары сыныптарында «Білімім Отаныма» тақырыбына эссе жазды. «Жазғы демалыста оқушылар бойларына күш жинап, жаңа асуларды бағындыратынына сенеміз», - дейді мектеп ұжымы.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ