ДИКТОР: "Amanat" партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұдан бөлек, кеңес отырысында аймақта сумен, жарықпен, газбен және жылумен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

РКС: Былтыр Жол картасы аясында сумен жабдықтауға қатысты қол алынған 13 жобаның тек 8-і ғана қолданысқа берілген. Мердігерлік ұйымдардың өз міндеттемелеріне салғырт қарауының салдарынан осындай жағдай орын алды. Осылайша жұмысты аяқтау мерзімі биылға шегерілген. Мердігерлік ұйымның жұмыс кестесінен артта қалуына байланысты Белгородское ауылындағы су құбыры желісі мен құдықты қайта жабдықтау жұмысы аяқсыз қалған. Сандықтау ауданына қарасты Каменка ауылында су құбыры желісінің құрылысы да 80 процентке ғана аяқталды. Кешенді блок-модульдерді орнатудың арқасында былтыр Жақсы ауданына қарасты 4 ауылдың 500-ден астам тұрғыны сапалы сумен қамтылды. Отырыста тұрғын үйлер мен нысандардың құрылысына қатысты мәселе де егжей-тегжейлі талқыланды.

СНХ: АЗАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 11 пункт қарастырылған. Оның үшеуіне келсек, биыл 580 мың шаршы метр болатын тұрғын үй қолданысқа беріледі. Жыл басынан бері Көкшетауда 7 несиелік баспананың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 9 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Әлеуметтік құрылысқа қатысты 7 пункт бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері Көкшетауда қосымша салынған құрылыс аяқталды. Целиноград ауданында денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.

РКС: Целиноград ауданының екі ауылын орталықтандырылған газбен қамту жоспарланған еді. Бірақ, Шұбар ауылынан келетін желінің болмауына байланысты Аққайың ауылына газ тартылмаған. Шұбар ауылындағы жобаны аяқтауға 778 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нысан осы жылы қолданысқа берілуі тиіс. Бурабай кентіндегі электр желісі де аяқсыз қалған. Оған себеп жобаға түзету енгізілген. Аяқталмаған, мерзімі өтіп кеткен барлық жұмысты жыл соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ