ДИКТОР: Атбасар ауданының 2 мыңнан астам тұрғыны «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық жобасы аясында экологиялық акцияға қатысты. Су тасқынынан кейін қала мен ауыл көшелерін абаттандыру және көгалдандыруды жөн санаған. Атбасарлықтардың азаматтық ұстанымын осылай білдірді.

РКС: Атбасар қаласы 9 аумаққа бөлінді. Осылайша әрқайсысына бекітілген мекеме, кәсіпорындар қызметкерлері мен волонтерлер, аудан белсенділері көшелерді қоқыстан тазартуға атсалысты. Республикалық акция аяқталса да, аудан тұрғындары сенбілікке шығуды тоқтатқан жоқ.

СНХ: АМАНБЕК ҚАЛЖАНОВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Президентіміз 6-шы сәуірден 11 мамырға дейін жариялаған экологиялық «Таза Қазақстанға» атбасарлықтар бір адамдай қатысып жатыр. Әрине, осы паводокпен өте қиын жағдай болды. Қаланың өзі мекемелерге, ұжымдарға бөлініп, жұмасына 2 рет қаланың абаттандыру жұмыстарына шығып, қазір көшелердің барлығы тазартылды. Су тасқынынан кейін 6 елді мекенде жол болмады. Сол жолдарды, инфрақұрылымдардың барлығын қалпына келтіріп, қазіргі таңда қаланың ішін, өзен, көлдердің жағаларын түгел тазарттық. Тазарту, абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

РКС: Акция барысында 1600-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. Бүгін қаланың орталық алаңында канадалық раушан гүлі мен декоративті бұта егілді. Аудан жастарының белсенділігі де жоғары болғанын айта кету керек.

СНХ: КАМИЛА РЫСБЕКОВА, АТБАСАР АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сенбіліктерде жастар аулаларды, белгілі бір аумақтарды тазалады. Ағаш көшеттерін де отырғыздық. Алдағы уақытта «Жасыл ел» бағдарламасы іске қосылады. Оған волонтерлер қатысып, қаланың игілігі үшін белсенділік танытады.

РКС: "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын атбасарлықтар жылы қабылдады. Өйткені, туған өлкенің тазалығына бей-жай қарай алмаймыз,-дейді олар. Айта кетейік, аудан бойынша 365 тонна қоқыс шығарылды.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ