ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Аймақ басшысының қабылдауына келген ақмолалықтардың сауалдары да сан қилы болды. Бірі баспана мәселесін көтерсе, енді бірі кәсіп ашу сұрақтары бойынша қолдау сұрай келген. Алдына келген әр азаматты мұқият тыңдаған облыс әкімі барлық мәселе бойынша жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.

РКС: Ерлан Бұқышев – жеке кәсіпкер, үшінші топтағы мүгедек. Бірнеше жылдан бері сауда-саттықпен айналысады. Ендігі мақсаты кәсібін одан әрі дамытып, өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа жұмыс орындарын ашу. Алайда, аудандық әкімдік тарапынан тосқауылдар бар деп отыр. Бурабай ауданының әкімдігі ұйымдастырған конкурс жабық, сондықтан, сыбайлас жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін деп алаңдайды.

СНХ: ЕРЛАН БҰҚЫШЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Өткен жылы Бурабай ауданында стационарлық емес сауда нысандары бойынша конкурс ұйымдастырылған. Неге екенін білмеймін ол конкурс жабық өтті. Салыстырмалы түрде айтар болсам, Алматы әкімдігі дәл осындай конкурстарды ашық түрде өткізеді. Яғни, қатысушылар бір бірін, неше адам қатысып жатқанын, барлық ақпаратты біліп отырады. Бізде олай емес. Осының себебін түсіне алмадым.

РКС: Марат Ахметжанов Бурабай ауданының әкіміне бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып, дұрыс шешім шығаруды тапсырды. Қабылдауға Аршалы ауданының тұрғыны Мұхамедия Садыбеков болса, өзін ғана емес, тұтас аудан тұрғындарын алаңдататын бірнеше мәселені арқалай келіпті. Айталық, Аршалы ауданындағы №1 мектепке күрделі жөндеу жүргізу кезінде біршама заң бұзушылыққа жол берілсе, ауданның білім бөлімінде қаржылық заң бұзушылықтар орын алған.

СНХ: МҰХАМЕДИЯ САДЫБЕКОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Білім саласында былтыр үлкен тексеріс болды. Тергеу. Облыстық комиссия. Соның ішінде 1440 миллион теңге қаражат жымқырылған фактілер анықталып, осы күні бүгінге дейін ешкім ешқандай жауапқа тартылмай отыр. Айтылған мәселені әртүрлі себеппен ол мәселе шешіліп жатыр деген сияқты қысқаша ғана.

РКС: Бұл мәселе бойынша жауап берген облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин 140 миллион теңгенің 136 миллионы қазынаға қайтарылған. Қалғаны да жуық арада толық өндіріледі,-деді. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Целиноград ауданының тұрғындары Жайнагүл мен Нұрбота Хадеттер әкімнің қабылдауына онлайн қосылды. Азаматшаларға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілген. Бірақ баспанамыз апатты деп танылса да, жаңа үй берілген жоқ деп шағымдануда. Марат Ахметжанов аудан әкімі мен басқа да жауапты тұлғаларға өңірге арнайы комиссия жіберіп, тұрғындардың үйін бағалауды тапсырды. Тек содан кейін ғана бұл мәселе нақты шешімін табады.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ