ДИКТОР: Биыл облыста 9 жайлы мектеп қолданысқа беріледі. Олар Целиноград ауданы мен Көкшетау қаласында бой көтереді. Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 22 600 орынға шақталған 18 білім ошағын салу көзделген.

РКС: Целиноград ауданының Ақмол, Қабанбай батыр, Қаражар, Караөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарында 7 жайлы мектеп салынады. Олар 9200 орынға шақталған. Яғни, орын тапшылығының азаюына айтарлықтай сеп болмақ. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында 3000 орынға шақталған 2 мектеп бой көтеруі тиіс.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Целиноград ауданындағы 7 мектептің жобасын әзірлеуші«ТаразТауЖоба» серіктестігі. Қазіргі таңда, жобалар жеке меншік сараптамадан өтіп жатыр. Мамыр айының соңына дейін жобалар қолымызға тиюі керек. Көкшетау бойынша екі мекеме: «Каз Центр Проект» және «АТ-Сервисплан». Жобалардың біреуі сараптамаға жіберілді. Екіншісі алдағы апталарда дайын болуы тиіс.

РКС: Тоғыз мектеп бойынша мердігер компаниялар анықталған. Олармен жобалау, қажетті материалдарды сатып алу, нысанды салу және қолданысқа беру бойынша келісім шарт жасалды.

СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл мектептер бойынша біз мекеме жарғысын әзірледік. Және осы күндері Көкшетау қаласы және Целиноград ауданының білім бөлімімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір мемлекеттік коммуналдық мекеме ретінде заңды тұлғаларды тіркеу сұрақтарымен айналысудамыз. Әзірге, Көкшетаудағы 2 мектеп пен Целинград ауданы Қабанбай батыр ауылындағы 1 мектеп әділет органдарында тіркелген.

РКС: Алғашқы нысандарды салуға 58,5 миллиард теңге бөлінген. 2024-2025 оқу жылында тағы 9 жайлы мектептің құрылысы жалғасады. Ол білім ошақтары 10 400 баланы қабылдауға қауқарлы болмақ.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ