ДИКТОР: Көкшетаудағы колледж студенттері арасында «Ай-Бикеш» сұлулық байқауы өтті. Додаға қатысушы арулар қазылар алқасы мен көрермен алдында өнер көрсетті. Байқаудың мақсаты қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, инабаттылықты көрсету.

ИНТЕРШУМ: БАЙҚАУДАН ҮЗІНДІ

РКС: Биыл бұл шарада бақ пен бабымды ортаға саламын, қатарластарыммен шеберлігімді сынаймын деген студенттер көп болды. Ұйымдастырушылар алдын-ала іріктеу жүргізіп, барлық талаптарға сәйкес келетін 15 қыздан 8 қатысушыны таңдап алды. Гүлдей құлпырған қатысушылар 5 кезең бойынша өз арасында ең мықтыны анықтауға тырысты. Арулар алғашқы кезеңде өзін таныстырса, келесі кезеңде шаш өруден өзара сайысқа түсті. Қыздардың үй шаруашылығына икемін тексеру мақсатында, қамыр жаю кезеңі ұйымдастырылды. 4-ші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін паш етіп, қазақ тарихындағы танымал әйелдерді көрініс арқылы бейнеледі. Ақтық кезеңде арулар қазақ әдебиетіне байланысты сұрақ-жауап айдарына қатысып, білімін көрсетті.

СНХ: ТЕМІРЛАН МЕҢДІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕР-МАМАНЫ: «Айбикеш» сұлулық байқауы басқа байқаулардан ерекше. Себебі, бізде Қазақстанда мисс байқаулар өтеді, ал бұл байқау қазақи форматта. Қазақи намыс, қазақи тәрбие, өнегені көрсету мақсатында өткізіледі. Қыздар өздерінің видеоларын жіберген болатын. Оның ішінде қыздардың сөз саптауына, сырт-келбеті мен киім-киісі қарастырылды. Олардың өздерінің таныстырылуына орай іріктеу жүргізілді.

РКС: Қыздардың сұлулығы мен білімі сынға түскен тартысты сайысқа қатысушының бірі Махаббат Мұратбек. Ол бұған дейін де мұндай шараларға талай рет қатысқан.

СНХ: МАХАББАТ МҰРАТБЕК, «АЙ-БИКЕШ» СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ: Мен «Арна» колледжінде графикалық дизайнер мамандығына оқимын. Бұл байқаудан әрине жүлделі орыннан үміттімін. Шара жақсы ұйымдастырылған. Қазіргі жастар біздің ұлттық стильді ұмытып бара жатыр. Сондықтан мұндай шаралар ұлттық құндылықтарға тікелей байланысты. Бүгінгі байқауға «Павлин» биін дайындап әкелдім.

РКС: Байқау қорытындысына сәйкес Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Кенжегүл Тұрқай бірінші орын иегері атанды. Сайыстың күміс жүлдесіне Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенті Бибінұр Қайырбек лайықты деп танылды. 3-орынға да дәл осы оқу орынның өкілі Арайлым Ерік жайғасты. Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ